Қашаған кен орынан Ақтау-Баку бағыты бойынша алғашқы мұнай партиясы жөнелтілді – ASCO
Қашаған кеш орнынан Каспий теңізі арқылы Ақтау-Баку бағыты бойынша алғашқы мұнай партиясы жөнелтілді. Бұл туралы Әзірбайжан Каспий су көлігі компаниясына сілтеме жасай отырып Интерфакс-Қазақстан хабарлады.
«Мұнай жаңа бағыт бойынша АСКО теңіз көлігі флотына тиесілі «Академик Хошбахт Юсифзаде» танкерімен тасымалданады», делінген хабарламада.
Су көлігі компаниясының мәліметі бойынша, бірінші партия көлемі 6,9 мың тоннаны құрайды.
«Ақтау портынан шыққан танкер Қашаған мұнайын Әзірбайжандағы Сангачал терминалына жеткізеді», – делінген хабарламада.
Магистральдық мұнай құбыры ұлттық операторы – «ҚазТрансОйл» осы бағытта мұнай жөнелтілгенін растаған.
«Қашаған кен орнынан экспортқа шығарылатын 6,9 мың тонна мұнайдың алғашқы сынақтық жөнелтілімі Ақтау портынан одан әрі Баку порты бағытына кетті », – деп хабарлады қазақстандық компанияның баспасөз қызметі.
«ҚазТрансОйл» бұдан бұрын Қашаған кенішінен 7 мың тонна мұнайды одан әрі Баку порты бағытында жеткізу үшін Ақтау портынан жөнелтетінін хабарлаған еді.
Қашағанды игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы бұған дейін экспортқа мұнай жеткізетін құбыр инфрақұрылымы ғана бар екенін атап өткен. Дегенмен, консорциум экспорттық бағыттарды әртараптандыру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз мұнай-газ кен орны, сондай-ақ елдегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба. Кен орнындағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың 1 қарашасында басталды.
NCOC акционерлері: ҚМГ Қашаған Б.В. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).
«Академик Хошбахт Юсифзаде» танкері 2022 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген Танкердің ұзындығы – 141 метр, ені – 16,9 метр, сыйымдылығы – 7,884 мың тонна. Бұл кеме бір мезгілде мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдай алады.