Сайлау кезінде учаскелік комиссиялардың 18 мүшесі заң бұзған – Бас прокуратура

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Заң бұзған сайлау комиссияларының 18 мүшесіне айыппұл салынды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясындағы брифинг барысында Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин мәлімдеді.

«Сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша өндіріс қозғау құқығы прокурордың ерекше құзіретінде. Азаматтарға басқа адамдарға дауыс беру мүмкіндігін ұсыну мақсатында бюллетеньдерді беру түріндегі құқық бұзушылықтар үшін учаскелік комиссиялардың 18 мүшесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 110-бабымен айыппұл салынды. Оның ішінде Алматы облысында – 5, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарында – 2-ден, Алматы мен Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Павлодар облыстарында бірден», – деді Азамат Сарғазин.

Сонымен қатар, басқа сайлаушының атынан дауыс берген 17 адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 108-бабына сәйкес жазаға тартылған.

Азамат Сарғазиннің айтуынша, осы 17 адамның 4-еуі учаскелік комиссия мүшелері. Ал, мұндай заң бұзуға Шығыс Қазақстан облысында – 4, Алматы облысында – 3, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 2 адамнан, Ақтөбеде -1, Түркістан облысында бір адам барған.

Еске сала кетейік, дүйсенбі кешке Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс сайлауының алдын-ала қорытындыларын жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз