Экономика дамып, нарық сұраныс пен ұсыныс заңдылығына бейімделу үшін жергілікті өндірістің дамуы маңызды. Әсіресе, бізді пандемия кезеңінен бері құрылыс материалдарының бағасы қан қақсатып тұр. Жылдар бойы дайын өнім мен материалды сырттан тасымалдап келген Қазақстан нарығы қазір үлкен коллапста тұр деп айтуға болады. Бұл ретте ынта-ықыласы бар, бірақ ресурсы шектеулі жергілікті компанияларды қолдау қажет болып тұр. Осы ретте «ММС-1» компаниясының басшысы Ольга Брославцевамен сұхбаттасып, саладағы проблемаларды талқыға салған едік.
– Сіздер Қазақстан нарығындағы пенопласт өндіретін жетекші компания саналасыздар. Қазіргі уақытта аталған өнім түрі бойынша нарық қажеттілігін қаншалықты жауып отырсыздар?
– «ММС-1» ЖШС пенополистирол өндіруші отандық компания болып есептеледі және қазіргі уақытта айлық қуаты 3000 текше метрден асатын 2 өндірістік желі жұмыс істейді. Біз ППС-10-нан ППС-35-ке дейінгі аралықта «ПЕНОЭКОФОР» деп аталатын жеке тіркелген сауда маркасына ие әртүрлі тығыздықтағы өнімдерді ұсынамыз. Компанияның сәйкес сертификаттары және СТ-KZ сертификаты бар. Пенопласты кесуге, өндіруге және оның бетіне қорғаныш сәндік жабындарды жағуға арналған жабдықтарымыздың болуы клиенттерімізге түрлі формалардың шектеусіз нұсқасын ұсынуға және пенопласттан жасалған сәндік қасбет элементтерінің сипаттамасын ұсынуға мүмкіндік береді. Біздің өнімдер нарықта 15 жылдан артық уақыт бойы ұсынылып келе жатыр. Қазір Астана бойынша пенопласт қолданатын құрылыс компаниялары мен компаниялардың қажеттілігін 100 пайызға жауып отырмыз. Сондай-ақ пенополистиролдан жасалған дайын өнімдерді де, пенопласттың өзін де өңірлерге жеткізіп берумен айналысамыз. Біздің өнімдерді бөлшек саудагерлерден, сонымен қатар «Мегастрой» және «12 Месяцев» дүкендерінен сатып алуға болады.
– Геосаяси жағдай компания жұмысына және еңбек өнімділігіне қалай әсер етті? 2022 жылғы көрсеткіштеріңіз қандай?
– Пандемиядан кейін және былтыр, жалпы экономика қиындықтарға тап болды. COVID-19 құрылыс саласына жағымсыз әсерін тигізді және өткізу нарығымыз құрылыс индустриясына толыққанды тәуелді болғандықтан қиындықтар бізді де жанап өтті. Осыған қарамастан өндірісті белсенді жалғастырдық. Сапалы өнімдеріміздің және сенімді құрылыс материалдарын жеткізуші ретіндегі беделіміздің арқасында қиын кездерде түрлі үлкен жобаларға да қатыстық. Мысалы, Астана қаласындағы Орталық мешіт құрылысына арнап сәндік элементтер, ковидтік ауруханалар мен өзге де емхана кешендері үшін материалдар жеткізумен айналыстық. Қазақстанның бүкіл экономикасы сияқты біз де геосаяси ахуалға тәуелдіміз. Логистикалық тізбектің бұзылуы, валюта курсының тұрақсыздығы және шикізат тапшылығы 2022 жылғы баға саясатына әсер етті. Соған қарамастан 2022 жылы өндірістік қуатымыздың 85 пайызын пайдаландық. Меніңше, қиын кезең үшін бұл жаман көрсеткіш емес.
– Қазақстанның негізінен импорттаушы ел екені белгілі. Біз үшін қазір экономиканы әртараптандыру және өндіру – қайта өңдеу секторын дамыту өте маңызды. Осыған байланысты сіздің компания отандық өндірістің дамуына қаншалықты үлесін қосып жатыр? Компанияның нарықтағы орны мен перспективасын қалай бағалайсыз?
– Иә, үлкен потенциал мен ресурсы бар екеніне қарамастан Қазақстан көп тауарды әлі импорттайды. Химия өнеркәсібінің жоқтығы өндірістің дамуын тежеуде. Сондықтан көптеген өндіруші көрші елдердің қосалқы бөлшектері мен шикізатын пайдаланады. Көптеген сала Қазақстанда өндірілмейтін полимерлі шикізат тапшылығынан зардап шегуде. Әйтпесе осының бәрі елімізде бар, алайда шикізаттың негізгі жеткізушісі Ресей мен Қытай болып отыр. Осыған Сауда министрлігі және Индустрия министрлігі жоғары деңгейде назар аударса жөн болар еді.
– Сіздің өнімдер экспорттала ма?
– Өкінішке қарай, біз өнімдерімізді экспортқа шығармаймыз. Бірақ келешекте бұл үрдіс өзгереді деген үміт бар.
– Ішкі нарықтағы сұраныс деңгейі қандай? Негізінен қай өңірлер көп тұтынады?
– Өнімдеріміз тек Астанада емес, басқа аймақтарда да сұранысқа ие. Өскеменде, Семейде, Петропавлда серіктес компанияларымыз бар. Жылыту жабындарын солтүстік өңірдің көп пайдаланатынын ескерсек, сұраныс та сол жақтан көбірек түседі. Ол өңірлерде трубаны, газ құбырын, магистралды су құбырларын түрлі диаметрде қаптау үшін пенополистиролдан жасалған скорлупаны жиі тұтынады.
– Геосаяси тәуекелге байланысты өзге елдерден шикізат тасымалдауда қиындық туды ма?
– Иә, Ресей мен Қытайдан тауар жеткізу бойынша түрлі қиындықтардың туындайтыны рас. Бірақ бұл мәселе «Атамекен» ҰКП-ның араласуымен және Үкіметтің қолдауымен біртіндеп шешіліп жатыр. Бұл ретте әсіресе, «Қазақстан Темір Жолы» – Жүк тасымалы» ұлттық компаниясының жұмысын айтар едім, олардың жұмысы әлі де сапалы бола түсуді қажет етеді. Түрлі тәуекелдердің алдын алу мақсатында біз жаңа жолдар мен шешімдерді қарастырудамыз. Өйткені өнімнің өз сапасын сақтауы және біз белгілеген баға диапазонында қалуы өте маңызды. Қазір Түркия мен Ираннан шикізат тасымалдайтын компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасып жатырмыз.
– Компанияда қанша адам жұмыс істейді? Азаматтарды жұмыспен қамтуда сіздің кәсіпорын қаншалықты үлгі бола алады?
– Бізді нақты үйлесімді және білікті ұжым бар. Бұл әрине, қазіргі уақыттағы сирек құбылыс шығар. Бізде кездейсоқ адамдар жоқ, қызметкер келеді және ұзақ уақытқа қалады. Компаниямыз жұмыс істеген уақыт ішінде бірнеше ондаған адамды құрметті еңбек демалысына шығардық. Одан кейін де байланысымызды үзбей, материалдық көмек беріп тұрамыз. Бізде көптеген процестер автоматтандырылған, сондықтан адам қажеттілігі де біртіндеп азайды. Қазір штатта 50 қызметкер жұмыс істейді.
– Сіздіңше, отандық кәсіпорындардың басты проблемасы не?
– Мен қаншама отандық кәсіпкердің өндіріспен айналысып, өз күшін, білімін, қабілетін және қаражатын мемлекет экономикасына салғысы келетінін білемін. Бұл үшін Үкімет деңгейінде сондай адамдарға қолдау көрсетілуі керек. Ескі нормативтік құжаттарды қайта қарап, техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесін өзгерту қажет. Құрылыс кезінде сметаға Қазақстанда өндіріліп жатқан материалдарды қосқан дұрыс, бұл құрылыс процесін жеделдетеді және арзан қылады. Ал материалды өндірушіге жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру және жұмыс үшін тиісті көлем беріледі. Жергілікті нарықта импорттың емес, отандық өндірушілердің мүддесін қорғау керек.
– 2023 жылға арналған компания жоспары қандай?
– 2023 жыл енді ғана басталды. Әрине тың идеялар бар, сонымен қоса өндіріс көлемі өседі, өнім ассортименті кеңейеді және сәндеу мен жылытуда үлкен артықшылыққа ие жақсартылған пенополистирол шығару көлемі артады деп сенеміз. Қазір Астана нарығы үшін жаңа өнімді тестілеуден өткізіп, оны сертификаттауды дайындап жатырмыз.