МӘМС жүйесінің игілігін көпшілік көріп жүр ме?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Астана тұрғындарының 82,6%-ы – МӘМС жүйесінің қатысушылары, ал сақтандырылмағандар үлесі – 17,4%. МӘМС жүйесіне қатыспау азаматтардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Әйтседе, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады.
«Қор ақпараттық жарияланымдар, түсіндіру жолдары арқылы тұрғындарды МӘМС жүйесімен қамту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ елордадағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен және БМСК ұйымдарымен (емханалармен) бірлесіп, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, азаматтарды МӘМС жүйесімен қамту деңгейін арттыру бағытында тұрғындармен кездесулер өткізіліп, тікелей сұрақ-жауап түрінде кеңестер беріледі. Бүгінде елорда тұрғындарының 82,6%-ы сақтандыру жүйесімен қамтылған. Яғни, олар кез-келген жағдайда МӘМС жүйесінде медициналық көмек ала алады. Ал сақтандыру мәртебесі жоқ 230 мыңнан аса елорда тұрғыны адам МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтерді пайдалану мүмкіндігінен қалыс қалып отыр», дейді ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова.
Егер сіз жұмыскер болсаңыз, онда Сізге egov.kz электронды үкімет порталына кіріп, «Медициналық қызметтерді пайдалану туралы және МӘМС жүйесіне төленген аударымдар мен (немесе) жарналар туралы мәлімет беру» деп аталатын онлайн-қызмет арқылы жұмыс берушінің ай сайын аударып отырған аударымдары жайлы ақпарат алуға болады.
Төленбеген ай қалмауы тиіс
Бұл ретте қор өкілдері бірнеше мысалды алға тартады:
ӘМСҚ елордадағы филиалына Қайрат есімді азамат келді. Ол кәсіпорында 2021 жылдан бері еңбек етеді екен. Жұмыс беруші ай сайын оның айлығынан салықтармен қатар МӘМС жарнасын да ұстап, төлеп отырады. Сәйкесінше, ол «сақтандырылған» болуы тиіс еді. Бірақ қандай да бір себептерге байланысты есепші 2022 жылы 3 айдың (сәуір, мамыр, маусым) ақшасын аудармаған. Сол себепті оның мәртебесі сақтандырылмаған болып шықты. МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер қолжетімді болу үшін, жұмыс беруші төленбеген айлардың қарызын аударуы қажет.
Соңғы 12 айдың төлемі болуы шарт
Осы жылдың наурыз айында Жадыра есімді пациент кеңес алуға келді. Ол жұмысқа 2022 жылдың шілде айынан бастап орналасқан. Сол кезден бастап жұмыс беруші оның атына тұрақты түрде жарна аударады. Бірақ мәртебесін тексерген кезде ол өзінің сақтандырылмағанын біледі. Оның себебі – Жадыра жұмысқа орналасқанға дейінгі сақтандыру жарнасын төлемеген. Оған төленбеген аралықтағы жарнаны төлеу керек. МӘМС жүйесіне қосылу үшін соңғы 12 айдың төлемі болуы шарт, яғни, ол 2022 жылдың наурыз-маусым айлары аралығындағы қарызын дербес төлеуші ретінде КТС 122 бойынша өтеуі тиіс.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер де
МӘМС жүйесіндегі мәртебесін өздері бақылап отыруы тиіс. Себебі, салық агенті олардан қызмет көрсетілген айлар үшін ғана жарна ұстайды.
Мысалы: Асхат 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында АҚК бойынша қызмет көрсеткен. Осы уақыт аралығында салық агенті оның жалақысынан 2% ұстап, қорға аударып отырады. Жұмыс істемеген аралықта (яғни, 2022 жылдың қазаны – 2023 жылдың наурызы) ол жарнаны, соңғы 12 айға, өз бетінше дербес төлеуші ретінде аударуы тиіс. Сонда оның мәртебесі сақтандырылған болады және МӘМС жүйесінде медициналық көмек ала алады.
Жеке кәсіпкер ескеруі тиіс фактор:
Көптеген жеке кәсіпкерлер егер ЖК ретінде табысы болмаса, онда МӘМС жарнасын аударудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл – қатер пікір. Жеке кәсіпкер табыс таппаса да, МӘМС жарнасы мен аударымдарын төлеуге міндетті (ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4 есе көрсеткішінің 5%-ы).
Егер жеке кәсіпкер ешқандай табыс таппайтын болса, ЖК жұмысын ресми түрде тоқтату қажет, сонда кәсіпкер МӘМС жарнасын төлеу міндетінен босатылады.
БЖТ төлеушілер не істейді?
Елімізде 2019 жылдан бастап Бірыңғай жиынтық төлем енгізілген болатын. Ол:
• Жеке табыс салығы;
• Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылатын әлеуметтік төлем;
• БЖЗҚ зейнетақы төлемдері;
• Міндетті медициналық сақтандыру төлемдерінен тұрады.
Бірыңғай жиынтық төлем Салық кодексі арқылы реттеледі. Кодекске сәйкес, БЖТ әр айдың басында төленуі тиіс және төлем сол айдың соңына дейін ғана жарамды. Мәселен, жақында ӘМСҚ елорда филианың қабылдауында зейнеталды жасындағы әйел адам болды, ол БЖТ төлейді. Наурыз айында емханаға барғанда, өзінің мәртебесінің сақтандырылмағанын білген. Себебі – ол соңғы рет БЖТ-ны ақпан айы үшін төлеген. Сақтандырылған болуы үшін ол осы жылдың наурыз айына БЖТ төлеуі қажет.
Мәліметтерге сүйенсек, Астанада бірде-бір рет сақтандыру жарнасын төлемеген азаматтар да бар. МӘМС пакетіндегі қызметтерді, соның ішінде бағасы қымбат медициналық қызмет түрлерін пайдалану үшін, олардың МӘМС жарналарын төлегені жөн. Ол үшін төлем түрін таңдауы қажет:
- Егер азамат алдағы уақыттағы болуы мүмкін қажеттіліктер үшін сақтандырылғысы келсе, ай сайын 3450 теңге мөлшерінде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлесе болады. БЖТ өткен айларға төлей алмайды, сондықтан ағымдағы айдан бастап үздіксіз 3 айға төлесе, үшінші айда «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.
- Егер пациентке жуық арада МӘМС пакетіндегі қызмет қажет болса, онда өз бетінше дербес төлеуші ретінде өткен 12 айдың әр айына 3500 теңгеден төлейді.
2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.