2023 жылы әлемдік экономикада өсім баяулайды – сарапшылар болжамы

Жарияланды
Фото: Shutterstock


Әлемдік сауда айналымы 2022 жылы рекордтық көрсеткіштерге жетті. 2021 жылы сауда көлемі 28,5 триллион доллар болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға өсіп, 32 триллион долларды құраған. Бұл жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясында белгілі болды. Мамандар әлемдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына және жыл соңындағы белгісіздікке қарамастан, мұның рекордтық көрсеткіш екенін атап өтті.

Мұндай көрсеткіштер ішінара «жасыл» яғни экологиялық таза тауарларға деген сұраныстың артуымен байланысты екен. Эко тауарлар 2022 жылдың екінші жартысында 4%-ға артық сатылған. Ол тауарлардың айналымы бір жыл ішінде жалпы құны 1,9 триллион долларды құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 миллиардқа артқан.

Атап айтқанда, электрлі және гибридті автокөліктердің сатылымы төрттен бір есеге, пластиктен жасалмаған қаптамалар – бес есеге, ал жел генераторлары – 10%-ға өскен. Мұндай өсімге БҰҰ-ның климат жағдайы туралы баяндамасының жарияланғаны себеп болды. Онда ғалымдар «парниктік газдардың көлемі артуы жер шарын қайта қалпына келмес өзгерістерге ұшырататынын» ескерткен болатын.
Басқа тауарлардың айналымы 2022 жылдың үшінші тоқсанында төмендей бастаған. Ал төртінші тоқсанда ол 3%-ға қысқарып, жалпы айналым көлемі 25 триллион долларды құраған. Бұл ретте қызмет көрсету саласына сұраныс өзгеріссіз қалып, өткен жылды 7 триллион доллармен қорытындылаған.
Ал көлік жабдықтарына келер болсақ, бұл секторда сауда айналымы 2022 жылдың төртінші тоқсанында 14%-ға өсіп, жылдық нәтижеде 6% болған. Энергетика секторы 2022 жылдың қазан-желтоқсан айларында ең үлкен құлдырау кезеңінен өткен. Бұл саладағы тауар айналымы 10%-ға төмендеді. Десе де, бір жылда 24%-ға артқан.

2023 жылға жасалған болжам қандай?

2022 жылдың төртінші тоқсанындағы жаһандық сауданың құлдырауы дамушы елдерге қатты әсер етті. Импорт пен экспорт алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 6 пайызға төмендеді. Бұған Шығыс Азия елдерінен экспорттың 7%-ға төмендеуі көбірек әсер еткен. Ал 2022 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша, табысы төмен елдердің жартысынан көбі құлдырауға жақындап, қарызға батып, дағдарысқа ұшыраған. Сол себепті де 2023 жылы сауданың келешегі белгісіз болатынын айтады сарапшылар.

«Жаһандық қарыздың қазіргі рекордтық деңгейі, жоғары пайыздық мөлшерлемелермен бірге алғанда, көптеген елдердің макроэкономикалық жағдайына теріс әсерін тигізеді» деп ескертеді мамандар.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясында екінші жарты жылдықта жағдай біршама өзгеретіні айтылды. Оған 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың ақпаны аралығында 7%-ға төмендеген доллардың әлсіреуі әсер етпек.

«Сауда-саттықтың басым бөлігі доллармен жүргізілетіндіктен, доллар бағамының әлсіреуі тауарға деген сұраныстың артуына алып келеді», дейді баяндама авторлары.

Жаһандық жеткізілім тізбегіндегі үзілістерге және тасымалдау құнының өсуіне байланысты алаңдаушылық азайғанын да атап өткен жөн. Сарапшылар белгісіздікке қарамастан, «осындай оң факторлар теріс үрдістердің орнын толтырады» деген болжам айтты.

Мамандардың болжауынша, 2023 жылы жасыл тауарлардың жаһандық нарығы арта түспесе кемімейді. Өйткені бірқатар елдер климаттың өзгеруіне қатты алаңдап, зиянды газ қалдықтарын азайту туралы келісімге қол қойған. Ұйымның есебі бойынша, 2030 жылға қарай эко технологиялардың сауда айналымы 2,1 триллион долларға жетеді.
2023 жылдың бірінші тоқсанында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметіне сұраныстың артуына байланысты, сондай-ақ туризм секторын қалпына келтіруді жалғастыру арқылы дүниежүзілік тауар саудасы шамамен 1%-ға, ал қызмет саласы 3%-ға өседі.


Жаһандық экономикалық өсім баяулайды

Конференцияда айтылған болжамдарда экономикалық өсім 2023 жылы 2,2%-ға дейін баяулайтыны айтылған. Зерттеу авторлары жаһандық құлдырау 17 трлн доллар болатынын, бұл әлемдік табыстың шамамен 20% құрайтыны ескертеді. Табыс көлемі төмен елдердің 60%-ы және дамушы елдердің 30%-ы қарыз дағдарысында болғандықтан, олар үшін жаһандық қарыз дағдарысының ықтималдығы өте жоғары. 2022 жылы дамушы елдер өз валюталарын қорғауға шамамен 379 миллиард доллар жұмсаған. Ал 90-ға жуық мемлекеттің валюталары долларға қатысты айтарлықтай әлсіреген. АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелердің өсуі дамушы елдердің (Қытайды қоспағанда) болашақ табысын тағы 360 миллиард долларға қысқартуы мүмкін.
Өз кезегінде Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканың өсімі 2023 жылы 1,7%-ға, 2024 жылы 2,7%-ға дейін бәсеңдейді деп болжайды. Бұл дамыған елдердің 95 пайызына және нарықтағы дамушы елдердің шамамен 70 пайызына әсер етеді. Еуропа мен Орталық Азияда өңірлік экономиканың өсімі биыл 0,1%-ға дейін баяулайды, ал кейінірек оның көрсеткіші 2,8%-ға дейін көтеріледі деп күтілуде.
Еліміздегі жағдайға келер болсақ, 2023 жылдың ақпанында Қазақстанның Ұлттық банкі алдағы үш жылда ЖІӨ болжамын 3,5-4,5 пайызға дейін көтерді. Бұл болжамдар мұнай өндіру мен экспортқа байланысты қайта қаралған.
Ал наурыз айының ортасында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2023 жылдың екі айында Қазақстан экономикасының өсімі қаңтардағы 5,6 пайыздық көрсеткішімен салыстырғанда жылдық мәнде 4,3%-ды құрағанын хабарлады. Нақты сектор 2,7%-ға, қызмет көрсету саласы 5%-ға өскен.

Сондай-ақ оқыңыз