ЕАДБ Орталық Азияның су-энергетика кешеніне 400 млн доллар салуға дайын

Жарияланды

Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) алдағы 3 жылда Орталық Азияның су-энергетикалық кешеніне кемінде 400 млн АҚШ долларынан кем емес инвестиция салуға дайын. Бұл туралы ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов БҰҰ-ның Нью-Йоркте өтіп жатқан су ресурстары тақырыбына арналған конференциясында мәлім етті, деп хабарлады банктің баспасөз қызметінен.

«Біздің ағымдағы орта мерзімді стратегиямызға сәйкес, біз Орталық Азияның су-энергетикалық кешенін Банктің басты басымдықтарының бірі деп санаймыз. ЕАДБ бағалауы бойынша, осы саладағы проблемаларды ойдағыдай шешу арқылы өңірлік ЖІӨ өсу қарқыны жылына 1,5%-ға қосымша ұлғаюы мүмкін. Суарудың заманауи технологияларын енгізу және суару жүйелерін жаңғырту суды пайдалану тиімділігін 40%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл сонымен қатар ауылшаруашылық өндірісінің қауіпсіздігін арттырады, өз кезегінде бұл аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы», – деп атап өтті Николай Подгузов.

Ол Орталық Азиядағы су және энергетика ресурстарының жеткіліктілігі және ұтымды пайдаланылуы мәселелерін шешуде көпжақты даму банктері мен басқа да халықаралық қаржы ұйымдарының рөлін ерекше атап өтті.

«Осы орайда тындырар іс көп. Біз өзге де көпжақты банктермен және әрине, қатысушы елдердің үкіметтерімен бірлесіп жұмыс істейтінімізге сенеміз. Күш-жігерімізді біріктірсек,  Орталық Азиядағы ұзақ мерзімді су проблемаларын сәтті шеше аламыз деп сенемін», – деп қорытындылады Николай Подгузов.

Қазіргі уақытта Банк «Орталық Азияның су-энергетикалық кешені» инвестициялық мегажобасын іске асыруда. Оның негізінде су-энергетикалық кешенді дамытудың ең тиімді жолдарын аналитикалық және сараптамалық бағалау және болжау жатыр. Банк талдаушылары бірқатар зерттеулер жүргізді, олардың нәтижелері жайлы «Орталық Азияның су-энергетикалық кешеніне инвестициялар» және «Орталық Азияның су-энергетикалық кешенін реттеу» баяндамаларында айтылған.

Тәжікстан мен Нидерланды үкіметтері ұйымдастырған 2023 жылғы БҰҰ су ресурстары жөніндегі конференциясы су ресурстары саласында қажетті шараларды қабылдау және табысты шешімдер енгізу үшін БҰҰ жүйесіне мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптарды жұмылдыруда шешуші рөл атқаруға арналған. Конференцияның мақсаты мемлекеттердің су жөніндегі іс-қимылдарының күн тәртібіндегі міндеттерін орындау бойынша ерікті міндеттемелер қабылдауы.

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы осы саладағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары бекітілетін бірлескен мәлімдеме қабылдауға ниетті.

Еуразиялық Даму Банкі БҰҰ Бас Ассамблеясында байқаушы мәртебесіне ие.

Сондай-ақ оқыңыз