Авиация саласына еуропалық стандарттар енгізілмек

Жарияланды
Азаматтық авиация саласы өзгереді. Фото:.kursiv.media

Қазақстан авиация қауіпсіздігі саласында еуропалық талаптар мен стандарттарды енгізеді. Еуропа азаматтық авиация конференциясының өкілдері Клайф Райт мен Абигаил Хансен Қазақстанға келіп, ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ өкілдерімен кездескен.

Сапардың мақсаты – үздік еуропалық тәжірибені және авиациялық қауіпсіздік стандарттарын енгізуді көздейтін CASE-1 және CASE-2 еуропалық оқыту жобаларының тиімділігін бағалау.

CASE-1 жобасы 2017-2019 жылдары өтіп, осы жоба аясында авиация инспекторлары мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері еуропалық авиациялық қауіпсіздік талаптарын зерделейтін семинарларға қатысқан.

Ал CASE-2 жобасы биыл басталған, ол авиациялық қауіпсіздік саласындағы еуропалық талаптар мен стандарттарды енгізуге қолдау көрсете отырып, ЕКАК-ты ұлттық деңгейде қамтамасыз етуді жалғастыруға бағытталған.

Еуропалық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына негізделген. Авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры Дархан Катышев сарапшыларды еліміздегі авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы жүйемен таныстырып, бірыңғай мемлекеттік оператор құру жоспарлары, әуежайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі функция және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі алымды тоннаждан жолаушыға есептеу тетігін өзгерту шаралары туралы айтқан.  

Еуропалық азаматтық авиация конференциясының (ЕКАК) сарапшылары қазіргі уақытта көптеген елде ұқсас қызметтерді құру үрдісі байқалып отырғанын және бұл бастаманы іске асыру елдегі авиациялық қауіпсіздік жүйесінің деңгейін айтарлықтай арттыруға көмектесетінін атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз