Президенттердің отбасы мүшелері Ұлттық пантеонда жерленбейтін болады
Пантеонға жерленетін кісілер тізімінен президенттердің отбасы мүшелері алынып тасталады. Сонымен қатар мемлекеттік хатшылар, Конституциялық кеңес төрағалары да онда жерленбейтін болды. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңы күшін жойғандықтан, тізімнен «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» тармағы да сызылған. Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған «Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» құжатты қоғамдық талқылау 7 сәуірге дейін жалғасады.
«Отбасы мүшелері Ережелердің 5-тармағында Пантеонда жерленетін тұлғалардың нақты регалийлері айқындалуына орай алып тастау ұсынылады. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес «отбасылардың мүшелері» ұғымы қарастырылмаған. Сонымен бірге, осы Ережемен тұлғалардың жұбайы немесе зайыбын жерлеу мүмкіндігі қарастырылған», делінген қаулы түсіндірмесінде.
Сонымен қатар Пантеон аумағында «Естелік қабырғасы» монументі бар естелік музейі салынбайтын болды. Тек әкімшілік, шаруашылық және қосалқы ғимараттар, құлпытастар, саябақ және іргелес аймақтар кіреді.
«Қазіргі кезде пантеонның қолданыстағы аумағында мемориалдық ғимарат және музей ғимараты жоқ. Сонымен қатар аталған ғимараттарды салу көзделмеген, себебі олар бойынша ГИЖ, ЖСҚ әзірлеу және құрылыстың өзін жүргізу қарастырылмаған. Жергілікті және республикалық бюджеттерде жуық мерзімге арналған қаржылық жылдарға және одан әрі жоспарларда қаржыландыру қарастырылмаған», – деп түсіндірді мұны Мәдениет және спорт министрлігі.
Пантеонда жерлеуді тіркеу кітабы жүргізіліп, онда тек қайтыс болған адамның тегі, аты және әкесінің аты, қайтыс болған адамның Пантеонға әкелінген және мәйіт жерленген күндері жазылады. Бұған дейін аталмыш кітапта жерленетін кісінің өмірбаяны, Қазақстан Республикасы алдындағы еңбегі, өзге мәліметтер жазылуы тиіс еді.
Пантеон астананың жергілікті атқарушы органының қарамағында, Астана қаласының аумағында орналасқан.