Ресей мен Қытай атом энергетикасын бірлесе дамытпақ
Росатом мен ҚХР Атом энергиясы агенттігі жылдам нейтронды реакторлар мен ядролық отын циклін жабу саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды. Бұл ақпаратты Росатом баспасөз қызметі таратты.
Бұл келісім 21 наурыз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Ресейге мемлекеттік сапары аясында жасалған.
Құжатқа «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев пен Қытай Халық Республикасы Атом энергиясы агенттігінің басшысы Чжан Кэцзянь қол қойған.
«Құжат кешенді сипатқа ие. Ол бірден бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды: ағымдағы бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ жылдам нейтронды реакторлармен байланысты жаңа жобаларды іске асыру; уран-плутоний отынын өндіру; пайдаланылған ядролық отынмен (ПЯО) жұмыс істеу», делінген хабарламада.
Кешенді бағдарлама 2024 жылдың соңына дейін оны іске асыру бойынша «Жол картасын» дайындауды көздейді. Шын мәнінде, бұл жерде әңгіме ондаған жылға созылатын ынтымақтастық туралы және әлемдік деңгейде атом энергетикасын дамыту векторларын қалыптастыру туралы болып отыр.
Ресей-Қытай ынтымақтастығы ірі жобаларының бірі – Қытайдың Цзянсу провинциясындағы «Тяньвань» атом электр станциясының құрылысы. «Тяньвань» атом электр станциясының үшінші кезегін «Росатом» мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік дивизионы салып жатыр.
Сонымен қатар, Ляонин провинциясында «Сюйдапу» атом электр станциясы салынып жатыр. «Сюйдапу» атом электр станциясының №3 және №4 энергоблоктары «АЭС-2006» жобасы бойынша салынып жатыр және АЭХА-ның қауіпсіздік саласындағы заманауи талаптарына сәйкес келеді.
Ынтымақтастықтың басқа бағыттарының қатарында CFR-600 үшін отын жеткізуге қатысты келісімшарт бар, оның орындаушысы Росатомның «ТВЭЛ» отын компаниясы. Шарт 2018 жылдың желтоқсанында Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Келісімді орындау шеңберінде жасалды.
Наурыздың басында Қазақстандағы 3 ірі уран кеніші акцияларының бір бөлігін ресейлік «Росатом» компаниясына берілгені туралы ақпарат тарады. Қазақстан үкіметі «Росатом» корпорациясының Uranium One бөлімшесінің құрамындағы Uranium One тобына уран өндіретін үш кәсіпорынның 70, 50 және 30 пайыз үлесін беру туралы қаулы қабылдаған.