Жаңалықтар

Ресей Каспийді айналып өтетін жол салуды жоспарлап отыр

Фото: Kursiv.media

Ресей Каспийді айналып өтетін автожол салу мәселесін Қазақстан және Түркіменстан тарапымен талқыламақ. Бұл келіссөздер мамыр айында өтетін «Ресей – ислам әлемі: KazanForum» аясында өтеді деп жоспарланып отыр. Тіпті осы жиын кезінде тиісті келісімге қол қойылуы мүмкін.

Бұл туралы Ресей вице-премьер Марат Хуснуллинге сілтеме жасап, РИА Новости агенттігі хабарлайды.

«18 мамырда Kazan Forum өткіземіз, сол жерде Қазақстан және Түркіменстаннан келген әріптестерімізбен міндетті түрде Каспийді айналып өтетін автотрасса салу мәселесін талқылауды жоспарлап отырмыз, бәлкім келісімге қол қоятын шығармыз», деді Марат Хуснуллин.

Агенттіктің мәліметінше, қаңтар айының соңында Ресей Үкімет басшысы Михаил Мишустин мен Хуснуллиннің Түркіменстанға сапары барысында тараптар Каспий теңізінің шығысын бойлай автомагистраль салу туралы бірлескен жобаны талқылағаны белгілі болған.