Жаңалықтар

Air Astana бірқатар халықаралық рейстер санын бірте-бірте ұлғайтады

Фото: Kursiv.media

Air Astana әуекомпаниясы көктемгі-жазғы ұшу кестесіне ауысты. Ол 26 наурыздан бастап 29 қазанға дейін жалғасады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, осы кезеңде жолаушылардың танымал бағыттардағы сұранысын қанағаттандыру және саяхаттау үшін көбірек мүмкіндіктер ұсыну үшін әуекомпания бірқатар халықаралық рейстер санын бірте-бірте ұлғайтады.

«Алматыдан Анталияға рейс саны аптасына 10, Астанадан 7, ал Тбилисиге сәйкесінше аптасына 7 және 3 рейске дейін ұлғаяды. Алматыдан Ташкентке аптасына 14, Астанадан 5, Алматыдан Бішкекке 9, ал Лондонға 5 рейске дейін ұшулар жүзеге асырылады. Алматыдан Чендуға апта сайынғы рейске қоса әуекомпаниясы Алматыдан Бейіжіңге күн сайын және Астанадан атптасына 2 рет рейс орындайды. Ыстамбұлға Алматыдан аптасына 11, Астанадан 7, Атыраудан 3 рейс орындалады. Алматыдан Баку және Душанбе қалаларына Air Astana аптасына 4 рет қатынайды», делінген ақпаратта.

Әуекомпанияның көктемгі-жазғы кестесіне тұрақты маусымдық бағыттар оралады: Алматыдан Бодрум мен Ираклионға, сондай-ақ Алматы мен Астанадан Подгорицаға рейстер аптасына 3 рет, ал Алматыдан Батумиге аптасына 5 рет орындалатын болады.

Сондайа-ақ, әуе тасымалдаушы Таиландқа тікелей күн сайынғы рейстерді орындауды жалғастырады. Алматы-Бангкок бағыты бойынша аптасына 3 рет, Алматы-Пхукет бағыты бойынша 4 рет орындалатын болады.

Ұшу кестесін нақтылау және авиабилеттерді сатып алу үшін ақпаратты әуекомпанияның ресми сайтынан, сату кеңселерінен, Ақпарат және брондау орталығынан, сондай-ақ аккредиттелген агенттіктерден алуға болады.