«Ақ жол» партиясы мен Халық партиясы Мәжіліс депутаттарының кандидатурасын бекітті

Жарияланды

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының Ұлттық кеңесінің пленумы өтті. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің сегізінші шақырылымындағы депутаттарды сайлау қорытындылары талқыланып, депутаттық мандаттар бөлінді. Бұл туралы «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Пленумның бірауыздан шешім шығаруымен Мәжілістің депутаттық мандаттар келесі кандидаттарға сеніп тапсырылды:

Барлыбаев Ерлан Хайланұлы – экономист, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты
Бейсенбаев Ержан Алмабекұлы – жас бизнесмен, «BIGLIFE» ЖШС тәуелсіз директоры, Жетісу облысы
Еспаева Дания Мәдиқызы – финансист, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты
Иса Қазыбек Жарылқасынұлы – ақын, Партия төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты
Перуашев Азат Тұрлыбекұлы – Партия төрағасы
Садықов Асқар Аманбайұлы – бизнесмен, партияның облыстық филиал төрағасы, Ақтобе облысы

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 27 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттар мен Парламент Мәжілісінің кезекті сайлауының қорытындысын шығарды. Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясына 535 139 қазақстандық дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша «Ақ жол» Мәжілісте 6 депутаттық мандат алды.

Сонымен қатар, Қазақстан Халық партиясының орталық кеңсесінде партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың басшылығымен Саяси бюроның кезектен тыс отырысы өтті.

Басқосу барысында партиялық тізім бойынша VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланған кандидаттарға депутаттық мандат бөлінді.

«Кандидатуралар алқа талдауына түсіп, ұзақ талқыланды», – деді ҚХП төрағасы.

Саяси бюро мүшелері депутаттық топ құрамын жасақтауға қатысты шешім қабылдаған кезде әйелдер мен жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінген міндетті квотаны ерекше назарда ұстады.

Нәтижесінде Мәжіліс сайлауына партиялық тізіммен ұсынылған тәжірибелі саясаткерлер Магеррам Магеррамов пен Ирина Смирнова, көпбалалы аналар бірлестігінің жетекшісі Гаухар Танашева, Параолимпиада ойындарының қатысушысы, мүгедек адамдардың құқығын қорғаушы Кенжеғұл Сейтжан және жастар квотасы бойынша Ислам Сұңқар сынды кандидаттар мандатқа ие болды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлау қорытындысына сәйкес, Қазақстан Халық партиясы 5 пайыздық межені ойдағыдай еңсеріп, ҚР Парламенті Мәжілісіне өтті. Сайлаушылардың дауысы Халық партиясын 5 парламенттік мандатпен қамтамасыз етті.

Сондай-ақ оқыңыз