Заңдастырылған шетелдік автокөліктің басым бөлігі Ресейден әкелінген

Жарияланды
Легализация иностранных авто в РК
69 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Фото: kursiv.media

Кейінгі екі айда шетелден әкелінген 69 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді.

Елімізде 2022 жылдың қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жүріп жатыр. Өтініштер ХҚКО-да және электронды сервис арқылы қабылданады. Сондай-ақ азаматтарға арналған электронды үкімет порталында және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының айтуынша, 23 қаңтар – 26 наурыз аралығында 69 мыңнан астам көлік құралы заңдастырылды. Оның ішінде 67%-ы Ресейден, 19%-ы Армениядан, шамамен 10%-ы Қырғызстаннан, 2%-ы Грузиядан әкелінген.

Сонымен қатар қосалқы бөлшектер ретінде жаратуға әкелінген автокөліктерді де заңдастыру бағыттарын айқындайтын Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Ол жария талқылаудан өткеннен кейін мемлекеттік органдарға түпкілікті келісімге жіберіледі. Содан кейін Үкіметтің қарауына енгізіледі.

Комитет төрағасының айтуынша, әзірге көліктің автоконструктор түрі бойынша бір де бірі заңдастырылмаған. Жалпы көліктің мұндай түрін заңдастыру мүлде қарастырылмаған. Алайда автокөлік иелерінің қалауына қарай қаулы жобасына осындай көлік түрлерін заңдастыру да енгізіліп отыр.

Қазақстанда 23 қаңтардан бастап  елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді есепке алу басталған еді. Заңдастыру ережесіне сәйкес, жеңіл машина, шағын және орташа автобустар мен кішігірім жүк көліктері тіркеледі. 

Заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз