Аймақтағы геосаяи ахуал жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жеделдетті – агенттік

Жарияланды
Күн мен жел энергиясын өндірісі артты. Фото: shutterstock.com

2022 жылдың соңында Халықаралық энергетика агенттігі жаңартылатын энергетика саласының дамуына қатысты өз болжамын жаңартты. ХЭА алдыңғы жылғы болжамымен салыстырғанда, әлемдегі жаңартылған энергия көздерінің қуаты 30 пайызға артады деп мәлімдеді.

Болжам бойынша, 2022-2027 жылдары әлемде жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) қуаты 75%-ға немесе 2400 ГВт-қа артады. Агенттік мәліметінше, жалпы электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия нысандарының үлесі 2021 жылғы 25%-дан 2027 жылы 38%-ға дейін өседі. Алдағы бес жылда бұл нысандардың қуаты кейінгі 20 жылдағы көрсеткішінен асып түседі.

Жаңартылатын энергия нысандары ықпалының артуына қазіргі энергетикалық дағдарыс әсер етіп жатыр. Соңғы 5 жылда ЖЭК-тің 85%-ға өсуіне екі фактор әсер еткен. Біріншіден, жаһандық энергетика дағдарысы нәтижесінде қазба отындары мен электр энергиясының қатты қымбаттауы энергия технологияларын экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан әлдеқайда тартымды етті.

Екіншіден, Ресейдің Украинаға басып кіруі қазба отын импорттаушыларын, әсіресе Еуропа елдерінің энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан «таза» энергия көздерін бағалай түсуіне ықпал еткен.

bp.com мәліметі бойынша, 2021 жылы әлемде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясы 3,7 триллион кВт/сағатқа жеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,2% артық. Салыстырара болсақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3,1 трлн кВт/сағ құраған.

Жалпы, жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру жылдан жылға артып келеді. 2021 жылдың көрсеткіштері 2016 жылмен салыстырғанда 50,6%, 2011 жылдан – 4 есе, 2001 жылдан – 15,8 есе, 1991 жылдан – 28,8 есе, 1981 жылдан – 68,4 есе, 1971 жылдан бері 131,1 есе өсті.

Жаңартылатын энергия көздерінен энергияны көп өндіретін – Азия-Тынық мұхиты аймағы: 1,7 триллион кВт/сағ, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен бірден 27,7%-ға артық. Бұл әлемдегі «таза» электр энергиясының 46,2%-ын құрайды. Одан кейін Еуропа (946,5 млрд кВт/сағ) мен Солтүстік Америка (714,1 млрд кВт/сағ) тұр. Жалпы, осы үш негізгі макроөңір ЖЭК өндіретін барлық электр энергиясының 91,6%-ын қамтамасыз еткен.

Ең азы ТМД елдеріндегі жаңартылатын энергия көздерінен өндірілді: небәрі 9,6 млрд кВт/сағ, алайда бұл өткен жылғы көрсеткіштерден бірден 41,2%-ға асып түскен.

Оңтүстік және Орталық Америкада жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру жыл сайын 15,2%-ға, 229,3 млрд кВт/сағ электр энергиясына дейін, Африкада – 7,8%-ға, 49 млрд кВт/сағ электр энергиясына дейін, Таяу Шығыста – 18,3 %, 18,5 млрд кВт/сағата дейін өскен.

Жел электр станцияларынан өндірілген энергия 1,9 триллион кВт/сағ құрады, бұл алдыңғы салыстырғанда 16,6%-ға көп. Мұндай қондырғылардың үлесі әлемдегі жаңартылатын энергия объектілері өндіретін көлемінің 50,9%-ын құрады.

Күннен алынған энергия көлемі 1 триллион кВт/сағ құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 22%-ға жоғары. Азия-Тынық мұхиты аймағының күн электр станциялары әлемдегі жаңартылатын энергия нысандары өндіретін жалпы электр энергиясының 15,9% қамтамасыз етті.

Сондай-ақ оқыңыз