Түркиядағы зілзаладан кәсіпорындар қанша шығынға батқаны белгілі болды

Жарияланды
Мұстафа Варанк Адыяманға келді. Фото: www.sanayi.gov.tr

Ақпандағы жойқын жер сілкінісі салдарынан Түркияның өнеркәсіп кәсіпорындарына келген шығын 170 миллиард лира немесе 9 миллиард долларды құраған. Бұл туралы елдің Индустрия және технология министрі Мұстафа Варанктың баяндамасында айтылады.

Түрік билігінің айтуынша, кәсіпорындардың инфрақұрылымы, ғимараттар мен жабдықтарын жөндеуге, сонымен қатар өнім қорын қалпына келтіруге осыншама қаржы керек.

Министрдің айтуынша, жер сілкінісі болған аймақта 5600 кәсіпорын айтарлықтай зардап шеккен. 33 мың кәсіпорнында өндіріс қалпына келтірілгенінмен толық қуатымен жұмыс істеп түрған жоқ.

Ол Түркияның шағын және орта бизнесті қолдау ұйымы жер сілкінісінен зардап шеккен кәсіпорындар үшін жедел несие бағдарламасын іске қосқанын, бұл бағдарлама арқылы шағын және орта бизнес 1,5 миллион лираға дейін жылдам қаржыландыру ала алатынын еске салды.

6 ақпанға қараған түні Түркияда магнитудасы 7,7 балдық жер сілкінісі болды, одан кейін бірінен соң бірі 7,6 балдық жаңғырық дүмпулері орын алды. Түркияда жер сілкінісінен 50 мыңнан астам адам зардап шекті. Жер сілкінісі елдің 11 провинциясы мен көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жер сілкінісінен келген тікелей мүліктік залал 34,2 миллиард долларды құрайды.Түркия Қаржы министрлігі залал сомасы 2 триллион лира (105 миллиард доллар) немесе 2023 жылғы ұлттық табыстың 9%-ы деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз