Ресей ядролық қаруын Беларусьте орналастырса, Еуро Одақ жаңа санкциялар салады – Жозеп Боррель

Жарияланды
Фото: shutterstock

Еуро Одақтың сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Беларуссия мемлекеті өз аумағында Ресейдің ядролық қаруын орналастырса, Еуро Одақ жаңа санкциялармен жауап беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Интерфакс

«Белоруссия ресейлік ядролық қаруды өз аумағында орналастырар болса, бұл жауапсыздық эскалацияға әкеп соғып, еуропалық қауіпсіздікке қатер төндіреді», – деп жазды Еуро Одақ дипломатиясының басшысы жексенбі күні твиттерде.

Сондай-ақ, «Беларуссия мұны өзі тоқтата алады, бұл оның таңдауы. Еуро Одақ болса, бұған санкциялармен жауап беруге дайын», – деп түйді Боррель.

Айта кетсек, бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Белоруссия президенті Александр Лукашенкомен Ресейдің тактикалық ядролық қаруын сол елде орналастыру туралы келісімге келгенін хабарлаған болатын.

Путиннің айтуынша, Лукашенко мұндай қаруды өз елінің аумағында орналастыру мүмкіндігі туралы мәселені көптен бері көтеріп келеді.

«Александр Григорьевич Лукашенкомен келіссөздерімізге келетін болсақ, бұған Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Украинаға таусылған уран снарядтарын жеткізетіні туралы мәлімдемесі себеп болды. Қалай болғанда да, бұл ядролық технологиямен байланысты екені анық. Александр Григорьевич Лукашенко бұл оқиғалардан бұрын да Беларусь аумағында ресейлік тактикалық ядролық қаруды орналастыру мәселесін көптен бері көтеріп жүрді», деді Путин сенбі күні журналист Павел Зарубиннің «Россия-1» телеарнасындағы «Мәскеу. Кремль. Путин» атты бағдарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз