Шағын фермерлер шағымы: «Арзандатылған» дизель отыны қымбат, бөлінген қаражат аз
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егіс науқаны басталып кетті, ал басқа облыстарда жақын арада басталады. Алайда шағын фермерлер әлі де шешілмеген мәселелердің көп екенін айтады. Шаруалардың айтуынша, олар көктемгі науқан кезінде жылда бір проблемаға тап болады. Ол мәселе әлі де шешімін таппаған.
Ең бірінші мәселе – жанармай мәселесі. Фермерлер жыл сайын дизель отынын қымбатқа сатып алуға мәжбүр.
Ұлттық агроқозғалыстың төрағасы Алмасбек Садырбай: «Фермерлер үшін жанармай құны өте маңызды мәселе, өйткені астықтың өзіндік құнында отын 25-30 пайызын құрайды. Қазірдің өзінде шаруалар дизель отынын нарықтық бағамен алып жатыр деуге болады», дейді.
Ақкөл ауданындағы «Земляне» шаруа қожалығының басшысы Николай Шульга да «арзандатылған» отынның жоғары құнына шағымданды.
«Біз 200 гектарға бидай, астық, арпа, сұлы егеміз. 1 гектарға кез-келген техникаға орта есеппен, 10 литр дизель отыны қажет. Жанармай құны жоғары. Егер жанармай құю бекеттерінде дизель отыны 230 теңгеден сатылса, «арзандатылған» отын бізге литріне 217 теңгемен беріледі. Айырмашылық өте аз. Шаруаларға бұл айтарлықтай көмектеспейді», дейді қожалық басшысы.
Ұлттық агроқозғалыс өкілдері дизель отынына акциздің төмендетілуі мәселені шешуі мүмкін деген ойда. Өткен жылдан бастап акциздер тоннасы 9300 теңгеден 35726 теңгеге дейін қымбаттаған. Бұл мәселені қиындата түскен. Сол үшін де шаруалар көктемгі егіс жұмыстары кезінде дизель отынының бағасы мемлекет тарапынан реттелуі керек деп санайды.
Шаруаларды мазалап отырған екінші мәселе – алған өнімді өткізетін нарықтың жоқтығы. Биыл бидайдың арзандауы, талай шаруаның табысын азайтты. Сонымен бірге Ресейден келетін сұр экспорт та жағдайды ушықтыра түскен.
«Өткен жылы біз Ресей бидайынан қатты қысым көрдік. 2-3 жылдан кейін ғана мемлекет көлікпен әкелінетін сұр импортты жабу керектігін ойлана бастады. Десе де, әзірге механизм жоқ. Ал бұл біз үшін үлкен проблема», дейді «Аян» ЖШС басшысы Бауыржан Мұхамедьяев.
Бөлінетін қаражат аз әрі қайтару мерзімі қысқа
Шаруалардың айтуынша, Аграрлық несие корпорациясы мен Азық-түлік корпорациясынан түсетін ақшаны олар қаңтар-наурыз айларында алып, қазан айында қайтаруы керек. Сонымен қатар, барлық фермерлерге ауыртпалық салып отырған тағы бір мәселе – кепілдің болмауы.
«АНК кепілдікке қоятын ауылдағы үйді небәрі 200 мың теңгеге бағалайды. Яғни біздің кепілге ұсынатын ештеңеміз жоқ», дейді Бауыржан Мұхамедьяев.
Алмасбек Садырбай шағын фермерлерге жыл сайын мемлекет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына қаражат аз бөлінеді деп есептейді.
«Биыл көктемгі дала жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың негізгі көлемі ірі агрохолдингтерге кепілмен қамтамасыз етілуіне байланысты кетеді. Сондықтан шағын фермерлер үшін несие алу кезінде талаптарды қайта қарау және жеңілдету қажет. Мысалы, өндірістің бес жылдық тарихын ескере отырып, шағын фермерлерге кепілдікпен несие беруді ұсынамыз», дейді агросарапшы.
Өзекті мәселелер қатарында ауылшаруашылық техникасының тозуы да бар. Агроқозғалыс басшысының айтуынша мұның бәрі бір ізге түсірілмесе, өнімділік төмендеп, ал өнім бағасы қымбаттай түспек.