Жаңалықтар

Бірнеше жерде жұмыс істейтіндердің әлеуметтік төлемі жоғары бола ма?

Әлеуметтік төлем қалай есептеледі. Фото: .kursiv.media

Кім де болса көбірек табыс тапқысы келеді. Ал бір жерде ғана жұмыс істеп, көлемді жалақы алатын мүмкіндік бәрінде бола бермеуі мүмкін. Мұндайда қосымша жұмыс қарастыру деген нұсқа бар. Ресми түрде бірнеше жерде еңбек етуге бола ма? Ондай жағдайда әлеуметтік төлем көлемі қалай өзгереді? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты қозғаймыз. 

Бірнеше жұмысты қатар істеуге бола ма?

Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 196-бабы 1-тармағына сәйкес, қызметкердің бұрыннан еңбек қатынастарын жасасқан бір жұмыс берушімен де, бірнеше жұмыс берушімен де еңбек шартын жасасуға құқығы бар. Бірақ бұл жерде біреуі негізгі болады. Ал қалғандарымен толық емес жұмыс күні бойынша істейді. Мұндай еңбек шарттарын қанша жұмыс берушімен жасасаңыз да өз еркіңіз. Басты шарт — негізгі жұмысқа үлгере аласыз ба сол маңызды. Сонымен бірге қалған шарттарда толық емес жұмыс күні деп көрсетілуі керек. Демек, қосымша қызметтер атқарамын деп негізгі жұмысыңызға кедергі келтіріп алмауыңыз қажет. 

Басқа жұмыс берушімен толық емес жұмыс күні бойынша еңбек шартын жасасу үшін Еңбек кодексінің 31-бабының 1-тармағында белгіленген құжаттардың жалпы тізбесінен басқа, қызметкер негізгі жұмыс орны бойынша сипаты мен еңбек жағдайлары туралы анықтаманы да ұсынады. Ол жерде мынадай ақпарат болуы керек:

  • Жұмыс орны;
  • Қызмет атауы;
  • Жұмыс жағдайы.

Негізгі жұмыс және толық емес жұмыс орны бойынша күнделікті жұмыстың жалпы ұзақтығы күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан аспауы керек (Еңбек кодексінің 198-бабы бойынша). Бес күндік жұмыс аптасында күнделікті жұмыстың ұзақтығы апталық 40 сағаттық мөлшерлемеде 8 сағаттан, 36 сағаттық ставка бойынша 7 сағат 12 минуттан және 24 сағаттық жұмыс аптасында 5 сағаттан аспауы керек. Алты күндік жұмыс аптасында күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма бойынша 40 сағаттан 7 сағаттан, 36 сағаттық нормада 6 сағаттан және 24 сағаттық жұмыс аптасында 4 сағаттан аспауы керек.

Әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғая ма?

Егер сіз екі не одан да көп жұмыс берушімен еңбек шартын жасассаңыз, онда әлеуметтік төлемдеріңіз де артады. Бірақ бұл ретте ескеретін бірнеше ньюанс бар. Алдымен әлеуметттік жарналарды қызметкер үшін кім төлейтінін айтып өтейік. Ресми түрде, еңбек шарты арқылы жұмыс істейтін қызметкер үшін әлеуметтік жарнаны жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлейді. Әлеуметтік жарнаның максимум шамасы — 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс. Бұл дегеніміз биылғы мөлшер бойынша — 490 000 теңге. Егер сіз ресми түрде бірнеше жерде істейтін болсаңыз, онда олардың әрқайсысы үшін жұмыс беруші бөлек-бөлек төлеуге тиіс. Бірақ әр төлем жасаушы үшін қойылатын 7 ең төменгі жалақы мөлшері бар екенін ұмытпаңыз. Толығырақ айтар болсақ, егер сіз екі компанияда қатар істесеңіз, онда әрқайсысы сіз үшін әлеуметтік төлемді жеке аударады. Айталық, 7 ең төменді жалақы мөлшерінің 3,5 пайызы 17 150 теңге болса, онда екі жерден сізге жалпы алғанда 34 300 теңге түсуі мүмкін. Әлеуметтік жарна көлемі айлығыңызға байланысты анықталады. Біз жоғары шек мысалында айттық.  

Әлеуметтік төлемдерді қалай есептейді?

Белгілі бір жағдайларда қызметкер бес түрлі әлеуметтік төлем түрін ала алады. Олардың төртеуі кейінгі екі жылда әлеуметтік жарна төленгеніне қарай анықталатын орташа айлық табысқа байланысты. Ал біреуі — кейінгі бір жылдағы мөлшер бойынша анықталады. Олар:

  • Жұмысынан шығып қалғандар;
  • Еңбек етуге қабілетсіз болып қалғанда;
  • Асыраушысынан айырылғанда;  
  • Жүктілікке, босануға не жаңа туған баланы асырап алуға байланысты;
  • Нәрестенің жасы бір жарымға келгенше күтім жасауға байланысты.

Егер әлеуметтік жарна екі не одан да көп төлеушіден түскен болса, онда әлеуметтік төлем мөлшерін есептеген кезде барлық есепке алынған кірістер жинақталып есептеледі. Бірақ баланың жасы бір жарымға келгенше күтім жасауға байланысты төленетін жәрдемақы қалай болғанда да 7 ең төменгі жалақы мөлшерінің 40 пайызынан аспайды. Яғни бір адамға 196 мың теңгеден артық жәрдемақы берілмейді.  

Жүктілік пен босануға байланысты жасалатын әлеуметтік төлем кейінгі бір жылда төленген әлеуметтік жарналар мөлшеріне қарай анықталады. Айталық, бір жыл бойы әйелге бірінші жұмыс беруші тарапынан 350 000 теңге түсіп тұрып, екінші жұмыс берушіден 250 000 теңге түсіп тұрған болса, онда екеуі толық қосылып, орташа айлық табыс мөлшері 600 000 теңге деп есептеледі. 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен асып кетсе де, бұл толық есепке алынады. Өйткені бұл шек бір төлеушіге ғана бекітілген. Жүктілік пен босануға байланысты берілетін еңбекке жарамсыз парағының стандарт мерзімі 126 күнге беріледі. Бұл дегеніміз 4,2 айға тең. Еңбекке жарамсыз күндерінің коэффициенті де сәйкесінше — 4,2. Енді орташа айлық табыс мөлшері мен коэффициентті ескере отырып, әлеуметтік төлем мөлшерін анықтайық. Ол үшін орташа табысқа 4,2 коэффициентті көбейтеміз. Біздің мысалымыз бойынша сома — 2 520 000 теңге. Бұдан әлі 10 пайыз мөлшерінде зейнетақы жарнасы ұсталатынын айта кету керек. Сонда қолға тиетіні — 2 268 000 теңге. Жалпы алғанда өзге де әлеуметтік төлемдер осыған ұқсас формуламен, тәртіппен беріледі.   

Әлеуметтік төлемнің қанша аударылғанын қалай білуге болады?

Жұмыс беруші тарапынан төленген әлеуметтік аударымның мөлшерін білу оп-оңай. Ол үшін бар болғаны Электронды үкімет сайтына кіріп, ол жердегі «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімін қарайсыз. Кіру үшін сізде міндетті түрде электронды цифрлы қолтаңба болуы қажет. Аталған бөлімге кірген соң, «Қызметтер» деген жерден Міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік аударымдары туралы ақпарат қызметін таңдаңыз. Одан соң тапсырыс беріп, онлайн түрде қол қойыңыз. Өзіңіз көрсеткен мерзім ішінде жасалған төлемдердің есебі бірнеше минут ішінде дайын болады. Бетті жаңартып, қызметтің дайын болған кезінде ашып, қараңыз. Ол жерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандырк қорына қай жұмыс беруші қанша мөлшерде жарна төлегені тұрады. Егер алдағы уақытта декретте шығатын ойыңыз болса, сол жердегі есеп негізінде қанша жәрдемақы түсетінін шамамен есептеп алуыңызға болады.