Жаңалықтар

4 мың шақырым жолды жөндеуге 353 млрд теңге бөлінді

Фото: Kursiv.media

Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен елімізде 353 млрд теңгеге маңызы бар 4 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайлы ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлімдеді.

«Осы жылы жергілікті маңызы бар жолдардағы құрылыс, реконструкция және жөндеуге 353 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 4 мың шақырымға жұмыс жүргізу жоспарланып отыр», деді комитет өкілі.

Мимнистрлік маманы келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы республикалық желі бойынша 11,6 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 4 мың шақырымында құрылыс және реконструкция ескерілген. Соның 1,2 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Күрделі және орташа жөндеумен 3 мың шақырым жол қамтылып, оның 679 шақырымы тапсырылған.
Ал өткен жылы Республикалық желі бойынша 11.6 мың жол жұмыстарымен қамтылған. Сонымен қатар, былтыр жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым жол қамтылды, оның ішінде 3 мың шақырымы пайдалануға берілген.
Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызға дейін, ал жергілікті желі бойынша 85 пайызға дейін ұлғайтылған.

Алдағы уақытта министрлік тарапынан республикалық маңызы бар ірі 3 жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ұзындығы – 521 шақырымды құрайтын Орал қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы бойынша «Атырау-Орал» бағыты, 513 шақырымды құрайтын «Жезқазған-Қарағанды» бағыты және 262 шақырым болатын «Ақтөбе-Ұлғайсын» бағыты.

Сонымен бірге жол-жөндеу жұмыстарының сапасы және автожолдардың бүгінгі жай-күйін диагностикалауға қатысты заңнамада бірқатар түзетулер қабылданғаны белгілі болды. Енді елді мекен көшелерін жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу өкілеттігі Ұлттық сапа орталығына беріледі.
Сонымен бірге заңнамада жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу үшін жер беру рәсімін оңайлату жөніндегі мәселелері де пысықталып жатқандығы айтылды.

«Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 634 нысан бар. Соның 74%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сай келеді. Биыл тағы 78 қызмет көрсету нысанын іске қосу көзделген, оның 53 объектісі жеке инвестицияларды тарту есебінен және реконструкциялау мен жөндеу шеңберінде 25 санитарлық-гигиеналық торап қойылмақ», деді Амангелді Беков.

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрап отыр. Соның 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар, ал 71 мың шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар санатында. Республикалық маңызы бар жолдар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қарамағында.
Мемлекеттік тапсырыс аясында дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы жүзеге асырады. Ал облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ көше-жол желісі жергілікті атқарушы органдардың қарауында.