Алматыда Qnet қаржы пирамидасының тағы бір ұйымдастырушысы ұсталды

Жарияланды
Фото: Shutterstock.com

Алматы қаласында «Qnet» қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша күдіктінің ұсталғаны туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, күдіктіні құрықтауға ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті және қалалық прокуратура атсалысқан.

«Ол азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөлді. Айта кету керек, «Qnet» қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылған. Бірқатар шет елдерде «Qnet» компаниясы қаржы пирамидасы болып танылды. Сондай-ақ, оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді» делінген хабарламада.

Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұған дейін Астана қаласында Qnet қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдікті құрықталған еді.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады. Сондай-ақ, «Qnet» компаниясынан зардап шеккендерді Агенттіктің call-орталығына хабарласу сұралады.

Сондай-ақ оқыңыз