Елімізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Қаржы нарығын реттеу агенттігі тұтынушылық несие бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлім етті.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтан онлайн несие алуға қатысты шағымның жиі айтылатынын, банк пен азаматтардың арасына үшінші тараптың жиі қосылып кететінін айтты.
Олжас Қизатов онлайн несие мен тұтынушылық несиенің бір ұғым екенін айтып, бұл бағытта қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Азаматтардың проблемалық берешегінің өсуін шектеу үшін 2022 жылдың қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары мен микрокредиттері бойынша өтеу мерзімі 90 күннен асқаннан кейін сыйақы есептеуге заңнамалық тұрғыдан тыйым салынған», – деді Олжас Қизатов.

Сондай-ақ борыш жүктемесі қарыз алушының жиынтық табысының 50 пайызы деңгейінде белгіленді.

«Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды. Қарыз алушының кірісін есептеу қатаңдатылды. Расталған кірістер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін шектеу жөнінде реттеушілік шаралар қабылданған», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТК) 40 567 теңге болады. Соңдай-ақ айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгеге тең.

Сондай-ақ оқыңыз