«Халық қатысатын бюджет» жобасына өтініш қабылдау жүріп жатыр. Өтініштер 30 наурызға дейін қабылданады, деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі.
Балалар алаңы мен ауланы жөндеу керек болса, бос жер мен қараусыз қалған аумақта сквер салу қажет болса, осы жобаға ұсынысы тастауға болады. Тротуар, пандус, арық салу мен жөндеу, спорт алаңдарын салу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, аймақты көгалдандыруға қатысты жобалардың бәрі қарастырылады.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы 8 кезеңнен тұрады. Осы кезеңдерден сүрінбей өткен жобаны жүзеге асыруға қала бюджетінен қаржы бөлінеді.
Жыл басынан бері сайтқа 418 жоба келіп түскен. 2022 жылы қала тұрғындары 1321 жоба ұсынған екен. Нәтижесінде әр ауданда жүзеге асқан жоба саны әртүрлі. Айталық, Алатау ауданында былтыр жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге 36 жоба іске асырылған.
Алматы әкімі Ерболат Досаев биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасына қосымша 7 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеген.
Ұсынысты budget.open-almaty.kz сайтына жіберу керек. Өтінім 2023 жылдың 30 наурызына дейін қабылданады.