Жаңалықтар

Салық пен кеденге қатысты 15 мемлекеттік қызметті мобайл қосымша арқылы алуға болады

Фото: shutterstock.com

Қазіргі кезде салық пен кеден салаларындағы 15 мемлекеттік қызметті «eGov mobile» және «eGov Business» мобайл қосымшалар арқылы алуға болады. Бұдан бөлек, бірқатар мемлекеттік қызметтер Мемлекеттік кірістер комитетінің «e-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильді қосымшаларында алуға болады. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

«Электрондық форматқа көшкен 39 мемлекеттік қызметтің ішінде 15-і «eGov mobile» және «eGov Business» мобильді қосымшаларында қолжетімді: дара кәсіпкердің мәртебесін тексеру, салық есептілігін қарау және салықтарды төлеу, дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарлама және басқалар», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары кіретін жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі шеңберінде «eGov mobile»-да 250.00 нысанындағы декларацияны ұсыну қызметі іске қосылды.

Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін «Homebank» және «Kaspi.kz» қосымшыларында 910.00 нысаны бойынша салық есептілігін ұсыну, сондай-ақ дара кәсіпкерді тіркеу, дара кәсіпкердің деректемелерін өзгерту, салықтар бойынша борыштар, көлік және мүлік салығы, дара кәсіпкер үшін төлемдер және т. б. сияқты сервистер қосылған.

Бұдан басқа, «Бюджетпен, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысулардың жай-күйі туралы дербес шоттан үзінді көшірмелер беру» және «Мемлекеттік кірістер органдарында есепке алу жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсыну» қызметтері, сондай-ақ кейбір сервистер Smart Bridge-ге және kgd.gov.kz Комитет порталына шығарылды.

Мемлекеттік кірістер органдары жеке және заңды тұлғаларға 43 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның 26-сы салықтық және 17-сі кедендік бағыттағы қызметтер. Бүгінгі таңда 43 мемлекеттік қызметтің 39-ы (немесе 91%) электрондық форматқа ауыстырылды.