Алтын сенімді инвестиция бола ала ма?

Жарияланды
Алтынға инвестиция салу жолдары қандай Фото: shutterstock.com

2023 жылдың ақпанында жалпы салмағы 83 келі болатын 2653 алтын құйма сатылған екен. Ал қаңтарда — 79,5 келілік 2364 құйма. Қазақстандықтар көбіне 5,10,20, 50 және 100 грамм алтын құймалар сатып алады. Соның ішінде 10 граммдық түрі аса көп сұранысқа ие. Бүгінгі материалымызда алтынды ұзақ мерзімді инвестиция көзі ретінде көру қаншалықты тиімді, сатып алу шарттары қандай — осы сауалдарға жауап іздейміз.

2017 жылдың 31 мамырында Қазақстанның Ұлттық банкі халыққа арналған тазартылған, мөлшерлі алтын құймаларды сату және сатып алуға бағытталған бағдарламаны іске қосқан еді. Мұның басты артықшылығы сол — алтын құймаларды сатып алу қандай оңай болса, сату да сондай жеңіл еді. Ол үшін бағдарлама қатысушы болатын екінші деңгейлі банктер халыққа алтын сатып қана қоймай, олардан сатып алумен де айналысуы керек делінген. Міне, содан бері қазақстандықтар ұзақ мерзімді инвестиция ретінде алтынды нұсқа деп қарастыра бастады. 

 Осы алты жыл ішінде шамамен 120 мыңнан аса алтын құйма сатып алынған. Жалпы салмағы — 4 тонна. Бүгінде Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, «Банк ЦентрКредит» және кейбір валюта айырбастау бөлімшелерінен құйма сатып алуға және сатуға болады. Бұрын құймаларды тек Ұлттық банк сата алатын. Бұған дейін айтқанымыздай, қазақстандықтар көбіне 10 граммдық түрін алады екен. Жалпы сатылған дананың төрттен біріне тең. Екінші орында — 5 граммдық, үшіншіде — 10 граммдық. Аймақтар бойынша сұранысты айтар болсақ, алтын алуға Алматы, Астана және Атырау тұрғындары құмар екен.  

Алтынмен инвестиция жасау

Олай болса, алтынмен қалай инвестиция жасауға болады? Оның бірнеше жолы бар:

  • Алтын құйма сатып алу;
  • Тиындар сатып алу;
  • Әшекей бұйымдар сатып алу;
  • Арнайы металл шот ашу;
  • Алтын ПИФ пен ETF-терге инвестиция жасау;
  • Алтын өндіретін компаниялардың құнды қағаздарын сатып алу;
  • Алтынға фьючерстермен инвестиция жасау.

Енді жоғарыда атап өткен әдістерге қысқаша тоқталайық. Бұлардың әрқайсысының артықшылығы да, кемшілігі де бар.

Алтын құйма. 20 пайыздық ҚҚС алып тастағандықтан, бұл әдіс біршама тиімді десек болады. Бұл ретте мұның ұзақ мерзімді инвестиция екенін есте ұстау керек. Өйткені қысқа ғана уақыт ішінде алтын бағасына болжам жасау өте қиын. Кемінде 5-10 жылға алтыныңыз барын ұмытып кеткеніңіз дұрыс. Егер ол қаражат сізге жақын арада керек болып қалуы мүмкін болса, онда сатып алмаған жөн. Демек, алтын құйма аларда ол ақша сізде расында артылып тұрған болуы керек. Сатып алып, бірнеше айдан кейін үстіне көп ақша көремін деген ойыңыз көбіне қате болып шығады. Мұндайда тіпті инвестицияңыздың біраз бөлігі желге ұшып кетуі де ғажап емес. Сол себепті қаржы мамандары алтынмен инвестиция жасаған кезде диверсификация қағидасын қатаң ұстануға кеңес береді. Бұл дегеніміз портфеліңіздің 10-20 пайызын ғана салу. Білуіңіз қажет тағы бір ақпарат: алтын құйманы дұрыс сақтау маңызды. Сыртқы факторлар салдарынан бүлдіріп алсаңыз,бірден бағасы түсіп кетеді. Демек, сақтау үшін банктен ұяшық жалдауыңыз керек. Бұл болса, қосымша шығын. Осылардың бәрін бағамдап барып, жасағаныңыз өзіңізге жақсы.   

 Алтын тиындар. Сақтау шарттары мұнда да ұқсас. Бағасы өскенін ұзақ күтуіңіз керек. Бірақ құймаларға қарағанда тиындарды сатып жіберу оңайырақ. Себебі коллекционерлер қуана-қуана сатып алуы мүмкін. 

Металл шот. Бүгінде бұл әдіс аса танымал. Өйткені «қағаз» алтынның құны биржадағымен шамалас. Әрі сатып алу да, сату да оңай. Бар болғаны мобайл қолданбадағы бірнеше батырманы басса жеткілікті. Кемшілігі де жоқ емес. Соның ішінде металл шоттардың салымдарды сақтандыру агенттігінде сақтандырылмағанын айту керек. Яғни банктен лицензияны тартып алған жағдайда шотыңыз «күйіп» кетеді. Әрі металл шотты бір банктен екінші банкке өткізе алмайсыз. Ұсталатын табыс салығының мөлшері — 13 пайыз. Банктер төлемейтіндіктен, заң бойынша өзіңіз есептеп, салықты декларация жасауыңыз қажет. 

ПИФ. Басқарушы компаниялардан жарналық инвестициялық қор сатып алу әдісі аса өтімді деп саналмайды. Сатып алуға не сатуға өтініш білдірген кез бен пайлар алатын кез арасында біраз уақыт өтіп кетеді. Одан бөлек, операциялар жасалғаны үшін комиссиялар ұсталады. Алтын ПИФ құрамында көбіне ETF-тер болады. Бұл әдісті қолдану үшін жарна сатып алуыңыз керек. Пай алынғаны сіздің қордағы үлеске құқығыңыз барын білдіреді.

Құнды қағаздар. Алтын өндіретін компаниялардың акцияларын сатып алуға болады. Бұл ретте есте ұстауыңыз керек басты шарт — компания таңдауда жаңылыспау. Өйткені әлемдік алтын бағасы мен компания акциялары арасында байланыс болмауы мүмкін. Сол себепті компанияның табысын ескеріп, көрсеткіштерін қарау қажет. Өзінің алтын қоры жоқ, болмаса өндіріс жоспарын орындай алмайтын компанияларға жоламаңыз.

Фьючерс. Бұл әдіс былай іске асады: сатып алатын адам мен сатушы алдын-ала белгілі бір баға мен көлемге келіседі. Сөйтіп екеуара келісімшарт жасалады. Негізі әлемдік алтын бағасы мен фьючерс курсы шамалас келеді. Сату үшін сізге брокерлік шот керек болады. Өте өтімді құрал болғанымен, тәуекелі де сәйкесінше жоғары. Жақсы табыс табу үшін көп білім мен тәжірибе қажет. Әрі бұл тәсіл ұзақ мерзімді инвестицияларға арналмаған. 

Алтын сатып аларда есте ұстайтын кеңестер

Алтынның сенімді әрі қорғалған актив деп саналатынын айттық. Ұлттық валютасы құнсызданғанда алтынға деген сұраныс әжептәуір артып кетеді. Сондықтан дағдарыс кезінде көпшілігі алтынға қаржы салып жатады. Бірақ солай екен деп қолдағы бар қаражатты алтынға салып тастауға асықпаңыз. Әр түрлі курспен, біртіндеп сатып алғаныңыз шығындардың минимумға түсіруге көмектеседі. Әрине, банктен сатып алу — ең сенімді әдіс. Өйткені ол жерде сақтау шарттары дұрыс. Ал жеке адамнан алғанда сапасыз түріне ұрынып қалуыңыз ғажап емес. Әрі кей өндірушілер салмағын көбейту үшін құрамына болат не вольфрам қосады. Алтынды сақтау өте қиын. Кішкентай ғана сызат түссе болды — бағасы құлайды. Температурасы тұрақты, адам қолы жетпейтін жерде тұрғаны дұрыс. Әрине, егер сіз үйде сақтайтын болсаңыз. Ал қосымша ақша шығарып, арнайы ұяшыққа саламын десеңіз, онда бұл жол әлдеқайда сенімдірек.  

Бұған дейін әлемдік нарықта алтын бағасы қымбаттап бара жатқанын жазған едік.   

Сондай-ақ оқыңыз