Жаңалықтар

Астанада жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріледі

Фото: kursiv.media

Елорда жастары кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие ала алады, деп хабарлады Астана әкімдігінің сайты

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіповтың айтуынша, шағын кредит агронесиелік корпорация арқылы беріледі.

«Бұл шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Қаржы конкурстық негізде беріледі. Жеңілдетілген несиенің шарттары: номиналды сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 2,5%; несиенің максималды сомасы – 5 млн теңге (кепілдікпен). Мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығында – 7 жыл», деді Жүсіпов.

Өтініш берген кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі бес жылдан аспауы керек. Сонымен қатар микрокредит беру мерзімінің үштен бір бөлігі үшін негізгі борышты өтеу және сыйақы төлеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған.

Міндетті шарт – кепілзаттың болуы. Кепіл ретінде жылжымалы да, жылжымайтын мүлік те қабылданады. Олар болмаған жағдайда кепіл берушіні тарту көзделеді — ата-аналары, туыстары және басқа да сенімді адамдар болуы мүмкін.

Жастарға шағын несие беру туралы шешімді бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, түрлі бизнес салаларының, сондай-ақ оқу орындары мен БАҚ өкілдері кіреді.

Өтінімдерді қабылдау осы жылдың 6 наурызында Аграрлық-несиелік корпорациясының Астана қаласы бойынша филиалында мына мекенжай бойынша басталды: Тұран даңғылы, 19/1, «Эдем» бизнес орталығы. Анықтама үшін телефон +7 701 006 16 38.

  • Микрокредит алу үшін өтініш берушіге қажетті құжаттар тізімі:
  • жеке куәлік,
  • бизнес жоспар,
  • шотыңыз бар екенін растайтын банк анықтамасы,
  • несиелер болған жағдайда несиелік берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешегінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтамалар талап етіледі,
  • жұмысыңыз болса, өтініш берушінің жалақысы мен басқа да табысын растайтын құжатты көрсетіңіз,
  • сондай-ақ кепілге берілген мүлікті бағалау туралы есеп және басқа да құжаттар болуы керек.

«Биыл 562 микрокредиттік қызмет алушыға республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылған», – деп қосты Ерлан Жүсіпов.

Сұрақтарға жауап бере отырып, ол кепілге қойылған мүліктің Астана қаласының аумағында болуы міндетті емес екенін және оны Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тіркеуге болатынын атап өтті.