Елімізде алты банк қаржылық тұрақтылық бойынша мемлекеттің қолдауын алып отыр. Бұл туралы сәрсенбі күні Парламент отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.
Сейсенбі күні аталған агенттіктің өкілі Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл ақпартты журналистерге жария етпеген болатын.
Ал, Мәдина Әбілқасымованың айтуынша банктерді қаржылай қолдау бағдарламасы 2017 жылы бекітілген.
«Қазіргі таңда қаржылық тұрақтылық бағдарламасына қатысқан алты банк бар. Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен болатын. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стресстік активтердің жоғары деңгейі анықталған еді. Осы проблемалық заимдарға провизия жасау үшін, банктердің капитализациясын толықтыру мақсатында қаржылық тұрақтылық бағдарламасы қабылданды», деді Әбілқасымова.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, осылайша Ұлттық банк тарапынан тәртіптелген облигация берілген болатын. Қалған үштен бір бөлігі акционерлердің қаражаты есебінен жасақталуы тиіс еді.
«Қазір бұл облигациялар мынадай банктердің балансында сақтаулы: Еуразиялық банк, Центркредит банк, Нұрбан, РБК банк, АТФ банк пен Цесна банк – олар кейін Jusan банкке қосылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау құралдары Halyk Bank-тің балансында да бар, ол Казкоммерцбанкті қосып алған кезде берілген», деді Агенттік басшысы.
Оның айтуынша, өткен жылы желтоқсан айында Заңға өзгеріс енгізілді. Ол бойынша, Ресубликалық бюджет есебінен немесе Ұлттық қор қаражатынан мемлекеттік қолдау алып отырған банктерге дивидент төлеуге шектеу қойылды.