Цифрлық таңбалаумен бірге аяқ киім қымбаттай ма – министрлік жауабы

Жарияланды
1 сәуірден сөреге түсетін аяқ киім таңбаланауы тиіс, Фото: shutterstock.com

2023 жылдың 1 сәуірінен тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға рұқсат жоқ. Аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау бір жыл бұрын толық іске қосылуы тиіс еді, бірақ кәсіпкерлер жаңа ережеге бейімделу үшін уақыт сұраған. Ол мерзім 1 сәуірде аяқталады. Осылайша, пилоттық кезеңнен екі жарым жылдан кейін аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау ережелері толық күшіне енеді, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау – бұл елге кіретін әрбір өнім туралы ақпаратты тіркейтін және оны өндірушіден/импорттаушыдан бастап соңғы тұтынушыға дейінгі өнімнің бүкіл жолын көрсететін бірегей дата-матрикс коды арқылы қадағалайтын жүйе. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда аяқ киімнің көлеңкелі айналымының үлесі 48 пайызды құрайды, яғни әрбір екінші жұп аяқ киім елге заңсыз әкелінеді. 2021 жылы Қытайдың кеден қызметі Қазақстан Республикасына экспортты қазақстандық деректерден 2 еседен артық тіркеген, бұл шамамен 780 миллион долларды құрайды. Бұл сандар аяқ киім айналымындағы көлеңкелі экономиканың көлемін нақты көрсетіп, тауарға қадағалану мүмкіндігін енгізуге негізді себеп болды.

Әрбір аяқ киім өнімін таңбалау үшін кәсіпкерлерге ҚҚС-сыз 2,68 теңге тұратын жеке Data Matrix коды беріледі. Өнімді таңбалау ережелері қосымша принтер сатып алуды міндеттемейді. Осыған байланысты айналымға қатысушы тауарды таңбалауды қосымша жабдықты сатып алмай-ақ, тіпті кәдімгі принтерде де жүргізе алады. Таңбалау кодын тек аяқ киімді өндірушілер мен импорттаушылар қолданады, ал бөлшек саудагерлер дата-матрикс кодпен белгіленген дайын аяқ киімдерді алады.

«Unichel» компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісі Екатерина Железнякованың айтуынша, цифрлық таңбалау жүйесіне көшу қиын болмаған.

«Нарықтағы ірі ойыншылар таңбалауды енгізу мәселесін өз компаниясында шешті. Біздің қызметкерлерге жүйенің қоймаларда қалай жұмыс істейтінін түсіну бірнеше күн қажет болды. Компания ешқандай қосымша шығынға тап болған жоқ», деді Екатерина Железнякова.

Отандық өндірушілер де заңсыз бизнесті көлеңкеден шығару және жергілікті өндірушілер мен шетелдік өндірушілер арасында тең және әділ бәсекелестікке қол жеткізу мақсатын алға тартып, жаңа ережелерді енгізуді қолдайды.

«Көбі отандық өнімдер импорттық өнімдерге қарағанда қымбат дейді, бірақ бұл біздің маржаны бірнеше есеге ұлғайтып жатқандықтан емес, себеп біздің өндірісіміздің әлі даму сатысында болғанында және біздің әлі бәсекеге қабілетті еместігінде. Өндірушілеріміз өндіріске инвестиция салады, салық төлейді, жалақы төлейді, одан басқа да әлеуметтік төлемдер бар, мұның барлығы тауардың құнына ықпал етеді», – деп түсіндірді «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық қауымдастығының заңгері Анар Қайыржанова.

Adidas және Intertop ресми дистрибьюторлары өкілдерінің айтуынша, аяқ киімді сандық таңбалау құны өзіндік құнның 1%-дан аспай, бұл компаниялар әкелген аяқ киімнің түпкілікті құнына әсер еткен жоқ. Shoes Republic қазақстандық аяқ киім брендінің негізін қалаушысы Дәурен Раманқұл да сандық таңбалау Shoes Republic аяқ киім өнімдерінің құнына әсер етпейтініне сендірді:

«Біз бұл шығынды шығысқа қосып, маржиналдылығымызды 2-4%-ға азайттық. Цифрлық таңбалауды енгізу біздің тұтынушымызға ешқандай әсер еткен жоқ».

2021 жылғы 1 қарашадан бастап аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген міндетті талапқа айналды. Жаңа ережелерді енгізу нәтижесінде ресми аяқ киім импорты 13 млн жұпқа (30%) өсті (37,2 млн жұптан 53,1 млн жұпқа дейін). 2018-2020 жылдар кезеңіне таңбалау енгізілгенге дейін аяқ киім импорты 35-тен 39 миллион жұпқа дейін көрсеткішке ие болды.

Сондай-ақ оқыңыз