Парламент сыртқа шығарылған активтерді қайтаруға қатысты заңды жуық арада қабылдауы керек

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейтінін айтты.

Президент сыртқа шығарылған активтерді қайтаруға қатысты заң жобасын тезірек қабылдауды тапсырды.

«Өткен жылдың басынан бері экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл – Үкіметтен ерік-жігер мен жоғары кәсібилікті талап ететін күрделі процесс. Бұл жұмысты жалғастырған жөн трансфертті баға белгілеу, халықаралық салық салу, субсидия мен мемлекеттік ресурстарды бөлу кезінде бақылауды қамтамасыз ететін түсінікті және тиімді құралдарды қолданысқа енгізу қажет. Президент болып қайта сайланғаннан кейін ең бірінші Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанымды еске саламын. Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірледі. Парламент тиісті заңды жуық арада қабылдауы керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл қаржы тек елімізді дамытуға жұмсалуы қажетін атап өтті. Аталған мәселе бюджет шығындарына да қатысты.

«Алайда бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік қарызды өтеу шығыны артып барады. Ұлттық қордан бөлінетін трансферт азаймай тұр. Барлық деңгейдегі бюджетті тиімді игеру проблемасы әлі де бар. Сондықтан бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Биыл Парламент қарауына енгізілетін Жаңа Бюджет кодексінің жобасы аталған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс», деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз