Биылдан бастап ел азаматтарына зейнетақы жинағындағы соманың 50%-на дейінгі бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беруіне рұқсат етілуі мүмкін.
Атап айтқанда, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне шағын және орта компаниялардың борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы инвестиция жасауға мүмкіндік алады. Ал бұл зейнетақы активтерін басқару мүмкіндігіне ірі акционері шетелдік компания болатын компаниялар да ие болуы ықтимал. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) әзірлеген нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерісте осылай делінеді. Бұл заң жобасына Президенттің қол қоюы ғана қалып тұрғанын да баса атап өтелік.
Сонымен құжатта зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралына шағын немесе орта кәсіпкерлікке жатқызылған субъектілер шығарған мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар жатқызылады. Бағалы қағаздар қор биржасының ресми тізіміндегі «Борыштық бағалы қағаздар» секторындағы «Негізгі», не болмаса «Балама» алаңына енгізілуі керек және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және Қазақстан Даму банкінің кепілдігі болғаны жөн. Ол осы облигациялардың номиналды құнының кемінде 50% пайызын жаба алатындай мүмкіндік береді.
Заң жобасын әзірлеушілер бұл шара зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін «арттырады» деп санайды. Бұл ретте зейнетақы активін басқарушы шағын және орта компаниялардың облигацияларына зейнетақы активтерінің жалпы құнының 3%-нан аспайтын сомасын ғана сала алатыны баса атап өтіледі.
Зейнетақы активтері есебінен сатып алуға болатын қаржы құралдарының қолданыстағы тізбесіне Қаржы министрлігі немесе Ұлттық банк шығарған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары, сондай-ақ Үкіметтің кепілдік етуімен шығарылған бағалы қағаздар кіреді. Оған әкімдіктер мен Ұлттық банкке толық тиесілі заңды тұлғалар шығарған облигациялар да жатады.
БЖЗҚ-дан басқа, зейнетақы активтері жеке компаниялардың да басқаруында болуы мүмкін. Қазіргі уақытта ҚНРДА талаптарына келесі компаниялар сай келіп отыр: First Heartland Jusan Invest (Jusan Bank-тің еншілес компаниясы), BCC Invest, «Сентрас Секьюритиз», Halyk Global Markets және Halyk Finance (екеуі де Halyk Bank-тің еншілестері). 1 наурызда бұл компанияларға 5,9 мың қазақстандықтың жалпы сомасы 8,8 млрд теңгені құрайтын шекті межеден асқан зейнетақы жинақтарының бір бөлігі аударылып үлгерген.
Ал бұл ретте мамандар не дейді? Сарапшылар пікірі төмендегідей.
Мақсат Халық, экономикалық сарапшы:
– Менің түсінігімде, бұл дұрыс қадам деп ойлаймын. Азаматтар зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін басқаруға мүмкіндік алады. Әрине, қазір қор нарығына шығу немесе ақшасын құнды қағаздарға жұмылдыру арқылы халық біршама пайдаға кеңеле қалады деп айта алмаймын. Керісінше, әлемдік қор нарығында бүгіндері үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Құлдырау бар. АҚШ-тың өзінде бірнеше банк банкроттыққа ұшырап, дүдамал жағдайлар туындап жатыр. Дәл қазір ол пайда бере қоймас. Бірақ, болашақ үшін мұндай мүмкіндіктің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Азаматтар өз жинағын басқаруға беру арқылы оны қадағалай алады, қалай өсіп жатқанын, өзгеріп жатқанын көре алады. Бұл шара халықтың қаржылық сауаттылығының дамуына да өзіндік үлес қосады. Сондықтан бұл шараны қолдаймын. Дей тұрғанмен, шекті межеге қатысты сыни көзқарастамын. 2022 жылы жеткілікті шекті қатты өсіріп жібергені белгілі, салдарынан адамдар зейнетақы ақшасының бір бөлігін пайдалана алмайтын болып қалды. Мен бұған қарсымын. Әрине, жыл өткен сайын жеткілікті шекті өсіріп отыру керек, бірақ оны адамдардың жалақысы секілді аздап көтеру қажет қой. Ал бірден бұлайша өсіру, меніңше, ақылға қонымсыз. Қалай дегенмен де өз жинағы болғандықтан, өз қажеттіктері үшін оның бір бөлігін азаматтарға пайдалануға беру керек деп есептеймін. Бір тілек, осы шекті межені ақылға қонымды цифрларға сай өсіріп отырса.
Айдар Әлібаев, қаржыгер-маман:
– Бұл арада зейнетақы активтерін басқару бойынша жекеменшік компаниялар үшін қосымша мүмкіндік ашылады. Мұндай нәрсе бізде бұрын болған. Осы жекеменшік компаниялардың елдің зейнетақы ақшасының бір бөлігін борыштық бағалы қағаздарға, яғни құнды қағаздарға салуға мүмкіндік беріледі. Бұл да болған бізде. Сондықтан, өз басым, бұл арада тың бір жаңашылдық көріп тұрғаным жоқ. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының көлемі 14,6 трлн теңге, ал бұл бағыттағы жекеменшік компаниялардың басқаруындағы ақша – 9,36 млрд теңге. Бұл бар жинақтың 1 пайызы ғана ғой. Ал бұл ақша түкке әсер ете алмайды.
Үшіншіден, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің басқаруындағы БЖЗҚ активінің өсімі 6,55 пайыздан асаны құрапты. Ал біздегі шынайы инфляция – 20,3 пайыздан жоғары. Сонда бұл не деген сөз? Біздің зейнетақы ақшамыздың 14-15 пайыз теріс табысқа ие!Осыны да басқару деп айтуға болады ма? Әрине, мәселе бар. Соның шешімі ретінде осыны бір тың дүние ретінде ұсынып жатқан жайлары шығар. Бірақ, шындығында бар деген жаңашылдығы, айналып келгенде, ұмыт қалған бұрынғы ескі дүние. Басқа түк те емес. Мұны шарасыздық демей не дейміз?..