Францияда Сенат бекіткен зейнетақы реформасына қарсы ауқымды наразылықтар мен ереуілдер жалғасып жатыр. Францияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, наразылық акциясына 1 миллионнан 3 миллионға дейін адам қатысқан. Сондай-ақ бұл ереуіл елдің бірнеше қаласын қамтыған.
Зейнетақы реформасы – Франция президенті Эммануэль Макронның негізгі идеяларының бірі. Ол 2030 жылға қарай ерлер мен әйелдердің ресми зейнеткерлік жасын 62-ден 64-ке дейін кезең-кезеңімен арттыруды талап етеді. Реформа жобасын 10 қаңтарда Франция премьер-министрі Элизабет Борн таныстырды. Келесі күні Франциядағы кәсіподақтар жалпы ереуілге шақырды. Жаппай наразылықтар 19 қаңтарда басталып, содан бері жалғасып келеді.
Ал 16 наурызда Франция премьер-министрі Элизабет Борн ел Конституциясының 49.3 бабына сәйкес зейнетақы реформасы туралы заң жобасын қабылдағанын хабарлады. Ол құжат бойынша билік заң шығарушы органның келісімінсіз кез келген заңды қабылдауға құқылы. Бұл шешім тағы да наразылық тудырып, ереуіл 18 наурызда Нант қаласынан басталды. Әр қалада өте бастаған митингтер уақыт өте келек жаппай ереуілге ұласты.
Қазіргі күні ереуілдерде тек зейнетақы мәселесі ғана емес, сонымен бірге инфляция, өмір сүрудің қымбаттығы, климат жағдайын реттеуде мемлекеттің әрекетсіздігі сынды мәселелер де көтеріле бастаған. Ереуіл көбінде кәсіподақтардың ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Елде қоғамдық көліктер мен мұнай өңдеу зауыттары тоқтап, мектептер жабылды. Қоғамдық көліктер тоқтап, қалада қоқыс шығарылмай қалған. Нәтижесінде шерушілер полициямен қақтығысып екі жақтан да жаралылар саны көбейген. Полицейлер ереуілшілерді көзден жас ағызатын газ қолдану арқылы таратуға тырысқан. Алайда көшеде адам саны артпаса, сиреген жоқ. Олардың қатары бүгінде әртүрлі кәсіпорын қызметкерлерімен, ұстаздармен, студенттермен толыға бастаған.
Бұл жағдайға байланысты, бүкіл ел бойынша 13 000 полиция қызметкері жұмылдырылған. Ал Франция астанасында 5 000-нан астам полиция қызметкері орналастырылған екен. Алайда бұл әрекеттер жағдайды реттеуге еш көмектеспеген.
Макрон өз реформасынан бас тартқысы келмей отыр. Ал халық реформа күшін жоюды талап етіп отыр. Солайша ереуіл әлі де жалғасуда.