Жаңалықтар

Алматыдағы екі темір жол вокзалы ҚТЖ-ға қайтарылады – Досаев

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында қаладағы екі темір жол вокзалы да «Қазақстан темір жолы» АҚ балансына қайтарылатынын мәлім етті.

«Екі вокзалды да ҚТЖ-ға қайтарамыз деген шешімге келдім. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені бір кездері оны неге екенін қала балансына алған. Вокзал ол темір жол инфрақұрылымының бір бөлігі», — деді Досаев.

Әкімнің сөзінше «Алматы-1» вокзалында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қазір аяқталуға таяу, Сондай-ақ, ол инфрақұрылымды дамытуға тағы да қаражат қажет екенін атап өтті,.

Досаев сондай-ақ, «Алматы-1» вокзалы аумағында бірнеше деңгейлі паркинг пайда болуы мүмкін екенін мәлім етті.

«Ол жерде жекеге тиесілі аумақ бар, біз оны көлік тұрағы үшін ала аламыз. Мен жер қатынастары жөніндегі басқармаға тиісті тапсырма бердім. Көліктер вокзал аумағында еркін қозғалуы үшін көп деңгейлі паркинг сала аламыз деген үміттемін», — деді қала басшысы.

2018 жылы «Алматы-1 мен «Алматы-2» вокзалдары қаланың коммуналдық меншігіне берілген болатын. Ол кезде қала әкімі Бауыржан Байбек болатын. 

Сонымен қатар, «Нұршашқан» және «Қайрат» шағын аудандарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы «Тұздыбастау» электр қосалқы станциясы пайдалануға беріледі. Ерболат Досаев бұл станцияның 2500-ден астам абонентті қамтитынын айтты.

«Қазіргі таңда подстанцияның өзі салынған, жеке меншік аумақтар арқылы кабель желісін жүргізу үшін инженерлік коридорды келісу мәселесі ғана қалып отыр», – деді Ерболат Досаев.

Оның дерегінше, 2022 жылы Түрксіб ауданында 24 км жаңа электр желісі салынып, 13 трансформаторлық подстанция реконструкцияланды. Ал 2023 жылдың желтоқсанында «Әлмерек», «Нұршашқан» және «Шуақты» шағын аудандарында электр беру желілерін жаңғырту аяқталады.