Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысына «AMANAT» партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасы ұсынылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен жуық арада талқылайды.
Айта кетейік, Парламенттің бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынуға құқылы екенін айтты.
«Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді. Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс», – деді мемлекет басшысы.