АШМ бидайды 6 ай мерзімге автомобильмен Қазақстанға әкелуге тиым салмақ

Жарияланды

АШМ тұқымдық бидайдан басқа бидайды 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен Қазақстанға әкелуге тыйым салуды енгізуге бастамашылық жасады. Бұл бастама соңғы бірнеше жылда бидайдың заңсыз әкелінуінен зардап шеккен қазақстандық астық пен ұн нарығындағы ағымдағы жағдайға байланысты туындады.

Тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасы жария талқыланып жатыр. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметінен хабарлады.

«Салалық қауымдастықтардың деректері бойынша  «сұр» импорттың көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетеді, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 млн доллар мөлшерінде бағаланады» делінген хабарламада. 

Министрлік дерегінше, контрабандалық астықтың қомақты үлесі автокөлікпен импортталады.

«Әкелінген бидай ҚҚС төлемей шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде рәсімделеді, транзиттік тариф төлемей Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне жіберіледі. Бұл ретте ішкі нарықта бағаның төмендеуі байқалады. Мысалы, 2022 жылдың шілде айының басынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендеді» делінген ақпаратта.

Нарықты қолдау үшін 2022 жылдың қыркүйегінде астық экспортына барлық шектеулер алынып тасталды. «Қазақстан темір жолы» АҚ деректеріне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша астық баламасында 13,2 млн тоннадан астам астық пен ұн экспортталды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 46,7% – ға артық, оның ішінде 10 млн тонна астық. АШМ дерегінше, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша соңғы 10 жылдағы ең жоғары өнімділіктің бірі жиналды. 22 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар бастырылды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 35% – ға артық. Бидайдың жалпы өнімі 38,9% – ға артып, 16,4 млн тоннаны құрады.

Сондай-ақ оқыңыз