Астанадағы LRT құрылысын қытайлық компания аяқтайды
Фото: Асқар Ахметуллин
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлермен кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында LRT құрылысын Қытай компаниясы аяқтайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БАҚ өкілдері әкімнен LRT құрылысын қандай мердігер жалғастыратынын сұрады.
«Бас мердігер – Қытай компаниясы. Сол компания аталған нысанды құрылысын әрі қарай сала береді», – деді әкім.
Сондай-ақ, ол вагондарға да бас мердігер тапсырыс беретінін атап өтті.
«Нысанның жылжымалы құрамына (вагондарды – ред.) да солар тапсырыс береді. Бас мердігер белгілі болғандықтан, нысанды өзі аяғына дейін жеткізеді», – деді Жеңіс Қасымбек.
2023 жылдың қаңтар айының соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысын аяқтау керек деп мәлімдеді. Оның ойынша, қоғамдық көлік кептелесі мен оған жұмсалған қаржыны ескере отырып, елорданың басқа амалы жоқ.
Ақпан айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астанадағы LRT құрылысына қосымша 50 млрд теңге бөлентінін мәлімдеді. Министр Марат Қарабаевтың айтуынша, қаржыны биыл сәуір айында әкімдікке беру жоспарланған.
«LRT салынып бітеді. Қала әкімдігімен құрылысты талқыладық. Жұмыс ең алдымен әуежай жақтан басталады. Ал қаржының бір бөлігі вагон сатып алуға жұмсалатын болады», деді Қарабаев үкімет отырысында.
Ал экономист Мүрат Қастаев «LRT құрылысы – бұл инвестициялық емес, саяси жоба» деп тұжырымдайды.