Жаңалықтар

Инфляцияны 2 есе төмендету. Премьер-министр жаңа үкіметтің басты міндетін атады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бүгін қайта тағайындалған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, осы жылдың аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деді.

Әлихан Смайылов ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында Президент пен депутаттарға оған артқан сенімі үшін ризашылығын білдіріп, ол үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

«Ең алдымен, біз Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын және «Amanat» партиясының бағдарламасын іске асырамыз.Сонымен бірге басқа да партиялар мен депутаттардың, бизнес-қауымдастықтар мен азаматтардың сындарлы ұсыныстарын ескеретін боламыз», деді ескі де жаңа Премьер-министр.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-климатты жақсарту жөніндегі кешенді шаралар, сондай-ақ бизнестің түйткілді мәселелерін шешу, халықты жұмыспен қамту және азаматтарымыздың нақты табысын өсіру – үкімет жұмысының негізгі бағытының бірі болмақ.

Премьер-министрдің айтуынша, экономиканы әртараптандыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайтуға басымдық берілмек,

«Ел экономикасына, бірінші кезекте, өңдеуші салаларға ауқымды инвестициялар тарту бойынша шаралар қабылданады. Ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс атқарылады. Сонымен қатар энергетика саласын дамыту және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері өте маңызды», деді Үкімет басшысы.

Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, «Тариф орнына – инвестиция» бағдарламасын іске асыру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту қолға алынады.

Айта кетейік, елімізде жылдық инфляция 21,3 пайызға жеткен.