Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Үкіметтің атқарған жұмысына баға берді.
«Біз соңғы жылдары жаһандық және жалпыұлттық ауқымдағы көптеген қиындықты бастан өткердік. Үкімет күрделі кезеңдегі жаңа талапқа тез бейімделді. Сол арқылы экономиканың тоқырауына жол берген жоқ. Жұмыс орындарын қысқартпай, сақтап қалды. Шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өсті», – деді Тоқаев.
Айтуынша, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер уақтылы және толығымен орындалды.
Сондай-ақ Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс екенін айтты.
«Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы инфляция деңгейін тежеуді тапсырды.
«Инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек», – деді президент.
Парламент мәжілісі сайлауынан кейін ел үкіметі отставкаға кеткен еді. Сайлауда жеңіске жеткен «Аманат» партиясы жаң үкімет басшысы лауазымына Әлихан Смайыловты қайта ұсынды.