Жаңалықтар

Темір жолдарға арналған 127 млн теңгенің материалдары ұрланып келген

Фото; Бас көлік прокуратурасы

127 млн теңгеден астам сомаға бағаланған 800 тоннаға жуық материалдар ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топ әшкере болды. Бас көлік прокуратурасы таратқан ақпаратқа сәйкес, топ құрамына «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ-ы Қарағанды бөлімшесінің 17 қазіргі және бұрынғы жұмысшылары тартылған. Оларға полиция қызметкері қамқорлық жасаған.

«Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Көліктегі департаменттің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 2 жыл бойы темір жолдардың жағдайын жақсартуға арналған материалдарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі. Тергеу пікірінше, ұрланған төсемдер, шпалдар, рельстер және басқа да тауарлар жарамсыз немесе белгілі бір ақаулары бар жол төсемінің жоғарғы құрылымының бөліктерімен ауыстырылды деп жалған мәліметпен есептен шығарылған» делінген хабарламада.

Ұрланған тауарлардың көпшілігін сатып алушылары мен орналасқан жерлері, сондай-ақ оларды тасымалдайтын жүк көліктері анықталған.

«Соттың санкциясымен Жаңаарқа жол дистанциясының учаске бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ желілік полиция бөлімшесінің бастығы тергеу изоляторына қамалды» делінген ақпаратта.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабының сәйкес жариялануға жатпайды.