Фото: shutterstock.com
Біз үнемі балалардың қаржылық сауатын бала кезден ашу керек деп айтамыз. Егер мектеп табалдырыған аттаған сәттен бастап ақшамен қарым-қатынас жасау жолдарын үйреткен ата-аналардың қатарынан болмасаңыз әрі балаңыздың жасы 13-тен асып кеткен болса, қамықпаңыз. Ешқашан кеш емес. Бүгінгі материалымызда жасөспірімдерді ақша жинауға қалай баулуға болатыны туралы айтамыз.
Адаптив интеллект теориясына сүйенсек, жасөспірімдердің табиғаты максималист болып келеді. Яғни олар «алма, піс. Аузыма түс» деп бәрін бірден, өте тез арада иеленгісі келіп тұр. Бұл — көпшілігіне тән қасиет. Демек, жасөспірім шақта балалар жоспарлау, анализ жасау, ыңғайлы сәтті күту дегенді жақтырмайды. Әйтсе де, табиғаты солай екен деп көз жұма қарауға болмайды. Өйткені ақшамен арадағы қарым-қатынас неғұрлым ертерек дұрысталғаны жақсы. Есейген сайын қаржылық сауат артып отыруы керек. Ендеше, тинейджерлердің бойындағы төзімділік, ерік-жігер, сабыр сынды қасиеттерді қалай дамытуға болады? Осыған тоқталайық.
Біз тізіп шыққан қасиеттерді дамытқан сайын бала бойындағы ақша жинау, мақсат қою және соған қол жеткізуге деген ұмтылыс та арта түседі. Ал бұл болса — болашаққа жасалған берік іргетас. Егер әлдебір бағыт бермесеңіз, жасөспірімдердің таным көкжиегі ересектердей кең емес. Яғни ақша табуын тауып, тез жұмсап тастауы мүмкін. Әрі кейбірі «өмір бір-ақ рет беріледі» деген қағидаға сүйеніп, қор жинауға бей-жай қарайды. Бұл тек балаларда емес, ересектер арасында да жиі кездеседі. Аталған принциппен жүретін балалардың шығындары шамамен мынадай: ойын-сауық, газдалған сусын, қытырлық чипс, шоколад және т.б. Байқасаңыз, пайдалысы аз. Ендеше, не істеу керек?
Мақсат қойыңыз
Ақшаны дұрыс жинап үйренудің алғышарты — нақты мақсаттың болуы. Қол жеткізгенде әжептәуір қуаныш сыйлайтын, бірақ ала алатындай, істей алатындай дүние болуы керек. Ол үшін балаңызбен жақсылап сөйлесіңіз. «Ең бірінші кезекте не нәрсеге ақша жинағың келеді?» деп сұраңыз. Сонда балаңыз ашылып, арман-мақсатын тізе бастайды. Бірі iPhone десе, бірі электрлі самокат деуі мүмкін. Енді біріне PlayStation 5 қажет. Бір емес, бірнеше зат айтатыны анық. Демек, сіздерде жалпы көрініс бар. Айталық, балаңыз осы үш затты айтты. Бастапқы кезеңге осы жеткілікті. Ендігі қадам — осыларға ақша жинап бастау. Десе де, үшеуін бірден алу өте ауыр. Бала тұрмақ, ересектің өзі бұл заттарды бірден ала алмайды. Сол себепті балаңызбен кеңесіп, осылардың ішіндегі ең маңызды деген біреуіне тоқталыңыздар. Ал қалғандарын кезек-кезек орындауға серттесесіздер. Бір мақсатқа ден қою арқылы оны орындауға құлшынысты арттыруға болады. Егер бірнешеу болса, онда назары жан-жаққа ауып, соңына қарай құлшынысы жоғалып кетуі бек мүмкін. Сонымен, ойлана келе PlayStation 5 алатын болдыңыздар делік. Алдымен нарықтағы бағасын анықтаймыз —313 000 теңге. Енді осы жерде ойлану керек. Балаңызға айына қанша ақша бересіз? Орта есеппен 10 000 теңге беретін болсаңыз, әлгі соманы айға бөлгенде өте ұзақ мерзім шығады. Балаңызбен есептеп, ойланыңыздар. Кемінде 2,5 жыл жинауы керек екен. Уақыт өте келе бағасы қымбаттап кетуі мүмкін екені тағы бар. Сондықтан бұл мақсат Адамды жалықтырып, ақыры демотивацияға ұшыратуы мүмкін. Ендеше, бас-аяғы жарты жылда ала алатындай не зат бар? Кеңесе келе, біреуін тоқталыңыздар. Айталық, электрлі самокат. Бағасы — 70 000 теңге. Бұл енді реалға жақындау.
Кіріс пен шығын есебін жүргіземіз
Қойындәптерге жазып жүруге болады, әрине. Бірақ арнайы мобайл қолданбалар қолайлырақ. Қалам іздеп әуре болмайсыз. Смартфон үнемі қасыңыздан табылады. Кіріс пен шығын есебін жүргізу керек деген кеңесті үнемі айтамыз. Мұны балалардың да білгені жақсы. Себебі зат аларда салқын санамен алу әдеті қалыптасады. Жасөспірімдер сезімге беріліп, ойланбастан әр нәрсені алып тастайды. Есебі жоқ болған соң білінбейді. Одан қала берді есеп жүргізгенде кезде көз алдыңызда әлдебір статистика шығады. Соған қарап, болашақтағы бюджетті, кірісті не шығынды жоспарлап отыруға мүмкіндік туады. Мысалы, балаңыз қолына ұстатқан ақшаны қалай жаратады? Мектептен бәліш, шай алуға, жол ақысына ғана кете ме? Әлде одан бөлек, зиян тамақ, ойын-сауыққа жібере ме? Егер тек өз қажетіне, орынды жұмсап, одан ақша артылмаса, онда қосымша табыс көзін таппаса болмайды. Егер қажеті жоқ заттарды алып құрта беретін болса, есеп жүргізу арқылы көзі ашылады.
Шығындарды азайтамыз
Статистика бар, соған қарап анализ жасадыңыздар. Демек, сіздерде көп нәрсе анықталды. Енді қалғаны — шығындарды азайту. Мысалы, ол мектептен тамақ ішеді делік. Тамаққа көбірек ақша жұмсайды. Бірақ қарап тұрсаңыз, таңғы асын үйден ішіп кететін бала. Түскі ас кезінде сабақтан шығады. Сол екі арадағы бірнеше сағатқа тым көп ақша жұмсайтыны анықталды делік. Сабақтан шығып фаст-фуд жейтін болса, демек бұл шығынды алып тастаймыз. Өйткені бұл — басы артық шығын. Соны қысқартқанның өзі әжептәуір үнем болады. Әлбетте, мүлдем жегізбей тастауға болмайды. Бірақ нақты келісім жасап, күнде емес, аптасына бір алатындай етуге болады. Маңызды жайт: қанша үнемделетінін, ол оған плюс болатынын жақсылап түсіндіріңіз.
Қосымша табыс көзін іздейміз
Жасөспірім баланың еңбекке ерте араласқанында тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, ақшаға құнығып кетпесе болғаны. Енді қандай жұмыс істеуіне болады десеңіз, ең жақсы нұсқа — балаңызды өзіңіздің жұмысқа алғаныңыз. Әрі оның нақты мақсаты бар болғандықтан, соған жету жолында түрлі әдісті қарастырып, үйренгені өзіне жақсы. Айталық, тоңазытқыштың іші-сыртын жақсылап жуып, ретке келтіргені үшін ақы төлесеңіз болады. Болмаса, аптасына бір үлкен тазалық жасасын. Әркім өзі таңдап, қолайлысын ала алады. Баласының тырысқанын көріп, ата-анасы да қолдағысы келетіні анық. Сонымен қатар, бала қалауын ашық айтып үйренгені жақсы. Бір айдан кейін туған күні болса, мақсатына тезірек жету үшін сыйлықты ақшалай беруін сұрай алса, керемет. Сыйлық іздеп сабылмайсыз, балаңыз да мәз болады. Егер сабақ үлгерімі жақсы, тіл байлығы мол бала болса, копирайтерлікті алып жүрсе болады. Тіпті 16 жастан асқан балаларға ресми түрде жұмысқа тұруға рұқсат етілген. Әрине, жұмыс уақыты шектелген әрі деңгейі де бекітілген. Бірақ бұл да — бір нұсқа. Қазір жаөспірімдер көбіне курьер болып істейді. Автобуспен зырылдап барып, клиентке тапсырысын жеткізіп береді. Әжептәуір табыс табуға болады. Тек сабағына кедергі болмауы керек. Егер сондай айлыққа істейтін болса, онда мақсатының ауқымын ұлғайта алады. Әлгі кейінгі үлгідегі айфон, плейстейшндерді де жоспарлауына жол ашылады.