Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Жарияланды
Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты
Фото: Асқар Ахметуллин

Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сотында Қайрат Боранбаев және Роман Наханов, Тайыр Жанұзаққа қатысты сот үкімі шықты.

Сот үкімімен Қайрат Боранбаев және Роман Наханов қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олардың мүлкі тәркіленеді. Екеуі де мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды.

Сот үкіміне сәйкес Боранбаевтың меншігіндегі Алматы қаласы әл-Фараби көшесінде орналасқан үй мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 196 мың теңге және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның екі шотындағы 2 млрд 847 млн 877 теңге мемлекет кірісіне өтеді.

Айыпталушы Тайыр Жанұзақ қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған дейін үйқамақта болған Жанұзақ сот залынан қамауға алынды.

2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталған еді.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.

«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», – деді мемлекеттік айыптаушы сот процесі барысында.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.

Алайда айыпталушылар Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.

Прокурор Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ол өткен жылы 17 наурызда қамауға алынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз