Инвестиция жасауға арналған қазақстандық 4 мобайл қолданба
Фото: shutterstock.com
Құнды қағаздармен инвестиция жасау арқылы мол табысқа кенелуге болады. Акция сатып алып, бірнеше жыл оны «ұмытып кетсеңіз», кейін әжептәуір пайда көре аласыз. Болмаса, күнделікті жұмыс ретінде көріп, трейдиңмен айналыссаңыз да ерік өзіңізде. Қор нарығында акцияларды тікелей ала алмайтындықтан, инвесторлар делдал қызметіне жүгінеді. Бүгінгі материалымызда Қазақстандағы лицензияланған брокерлер туралы айтамыз.
Кейінгі уақытта көпшілік арасында акция алуға қызығушылық артып келеді. Әрі банктердің мобайл қолданбалары арқылы брокерлік қызмет көрсету мүмкіндігі ашылғалы бері сұраныс уақыт өткен сайын артып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта бөлшек брокеридж сегментінде банктер басты ойыншы болады деседі. Олай болса, қазақстандық банктер ұсынатын мобайл қолданбаларға шолу жасайық.
Бүгінде Halyk Finance арқылы барлық қазақстандық компанияның құнды қағаздарын сатып алуға болады. Олардың ішінде «Қазақтелеком», «Қазатомпром», Kcell және т.б. бар. Ал шетелдік компанияларға келсек, KASE Global-дағы барын ғана ала аласыз. Бұл тізімде шамамен 30-40 компания бар. Еліміздегі ең ірі әрі сенімді эмитенттердің бірі саналады, Halyk Bank-тың еншілесі.
- Теңге, АҚШ доллары, еуро, фунт стерлинг немесе рубльмен инвестициялық шот аша аласыз;
- Акциялар мен облигацияларды алуда сомасына шектеу қойылмайды;
- Әлемнің кез келген жерінде қор нарығында саудалай аласыз. Қазақстандық және халықаралық компаниялардың құнды қағазын сатып алуға мүмкіндік бар.
Акция әлеміне енді қадам басып келе жатқандарға таптырмас нұсқа. Бірақ тек Қазақстан Республикасы резиденттері қолдана алады. Егер резидент болмасаңыз, онда Halyk Global Market деген бөлек инвестициялық жобаға назар аударсаңыз болады. Мобайл қолданбаны үйрену оп-оңай. Бар болғаны Halyk Homebank немесе Halyk Finance аппликейшнін жүктеп алыңыз. Тіркеліп, кіресіз. Телефон нөміріңізді жазып, видеоидентификациядан өтесіз. Homebank-те брокерлік шот ашу үшін сервис көрсеткен жолмен тіркеліп, басты беттегі «Инвестициялар» бөліміне өтіңіз. Инвестициялық шотқа ақша салу үшін «Толықтыру» деген батырманы басыңыз. Картаны таңдап, сомасын жазып, транзакцияны растаңыз. «Не сатып алуға болады» бөлімінен компания мен қанша акция алатыныңызды көрсетіңіз. Одан соң растаңыз. Өтінім статусы «Операциялар» бөлімінде тұрады. Halyk Finance қолданбасында тіркеліп, видеотексерістен өткен соң автомат түрде FATCA анкетасы ашылып, брокерлік шот ашуға өтінім шығады. Толтырып, растау керек. Шотты толықтыру да оңай, барлығы экранда көрініп тұрады. «Халық инвест» қызметтерінің тарифі биржаға байланысты. Мысалы, KASE — 0,03%, AIX — 0,08%. Акциядан түскен табысқа салық төлемейсіз.
Жыл басында Astana International Exchange (AIX) брокерлер қызметіне қорытынды жасаған еді. 2022 жыл нәтижесінде Jusan Invest екі номинация бойынша жеңіске жетті: «Бөлшек сегментті дамытқаны үшін», «Үздік инвестициялық команда». Jusan Invest жұмысындағы басты ерекшелік ретінде келісімдерді эмитенттерге ғана емес, бөлшек инвесторларға да тартымды болатындай етіп құрылымдай алатынын айта аламыз. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, Jusan Invest басқаруында 12 млрд теңге актив бар екен. Ал брокерлік қызмет көрсетуде — 419 млрд теңге. Клиенттер келісімі айналымында 1,5 трлн теңге бар.
Бастамас бұрын сізге Jusan мобайл қолданбасын жүктеп алыңыз. Егер аталған банктің клиенті болсаңыз, онда бірден «Шот ашу» деп тіркеле аласыз. Экранда тіркелуге керек форма ашылады. Айтылған қадамдарды жасап, анкета толтырыңыз. Растау үшін SMS-код енгізіңіз. Ал енді банктің бұрын-соңды клиенті болмаған болсаңыз, онда алдымен Jusan қолданбасына бөлек тіркелуіңіз керек. Содан кейін барып жоғарыда айтқан қадамдарды жасайсыз. Мәліметтеріңізді жолдаған соң, өтінім статусы туралы ақпарат анкетада көрсеткен электрон поштасына келеді. Қор биржасында операциялар жасау үшін брокерлік шотта құнды қағаз алуға жететін ақша болуы керек. Толықтыру үшін Jusan Bank картасы арқылы теңгемен не доллармен сала аласыз. Болмаса, кез келген басқа банктер арқылы реквизит көрсетіп, толықтыруға болады.
Freedom Holding Corp. – әлемнің 40 шақты қаласында өкілдігі бар, ірі брокерлердің бірі. Қазақстан нарығында Freedom Finance Global PLC компаниясы деген атпен жұмыс істейді. Софты ыңғайлы, қолданба арқылы келісімдерді онлайн жасай беруге болады. Мобайл қолданбада сауда терминалы бар. Одан бөлек, уеб-нұсқасын да қолдана аласыз. Сынақ қылып көргісі келгендерге демо-режим қарастырылған. Мұндағы бір ерекшелік — клиенттерге бірден екі шот ашуға мүмкіндік беретіні. Оған бар болғаны 10 минут кетеді. Атап айтқанда, мультивалюталық және D-шот. Валюталар: USD, KZT, RUB, EUR. Банк картасы арқылы демде толықтырып, егер аударым жасау керек болса, комиссиясыз іске асыра аласыз. Акциялар мен ETF-ке инвестиция жасауға болады. Биржада листиң болғаннан кейін акцияларды IPO бағасымен алып, жинақтаушы D-шотта сақтап, көбейте аласыз. Опциондар арқылы хедж жасауға мүмкіндік бар.
Платформа «Банк Центр Кредитке» тиесілі. Сауда бұйрықтарына СМС құпиясөз не Электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қоюға болады. Сауда платформасында қазақстандық нарықта ғана емес, сонымен бірге халықаралық нарықта да сатуға және сатып алуға мүмкіндік береді. Әлемдік қор биржаларының ішінде Нью-Йорк, Лондон, Сеул және т.б бар. Қаражатыңыздың, құнды қағаздар мен пайлардың айналымын брокерлік шот арқылы қадағалап отыра аласыз. Қазіргі сәтте болып жатқан акциялар мен облигациялардың белгіленімі жайлы ақпараттарды қарап отыруға болады. Белгілі бір кезең арасын таңдап, сол мерзімде шотта қанша болғанын, қанша жиналғанын қарай аласыз. Өзіңіздің банк шотттарыңызға ақша аударуға да мүмкіндік бар.