Фото: Kursiv.media
«Кредитті қайта қаржыландыру» деген ұғым бар. Бір қарызды жабу үшін екіншісін алу. Бұл жақсы әдіс пе? Оның артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талдаймыз.
Қайта қаржыландыру керек пе, жоқ па?
Ең бірінші кезекте барлығын жақсылап таразылаудан бастау керек. Өйткені қайта қаржыландыратын қарыздың түрі көп: ипотека, автокредит, тұтынушылық кредит, кредит карталар бойынша қарыз және т.б. Қайтадан жаңа кредит алуға бел бумас бұрын жан-жақты өлшеп алған жөн. Айталық, қазір қанша қарызыңыз қалды, оның пайызы қандай? Толық өтеуге қанша сома керек, үстіне қанша төлейсіз? Тағы қандай қосымша шығындар бар? Бәрін есептеп шығыңыз. Содан кейін барлық банкті тізіп, олардың қазіргі ұсыныстарын қараңыз. Байланыс орталығына хабарласып, ақпарат алыңыз. Сұрақтар болса, қойып алған жөн.
Қайта қаржыландырылуы оңай қарыз түрі — тұтынушылық несие. Айтарлықтай көп құжат сұратпайды. Егер банк бөлімшесіне барсаңыз, бар болғаны жеке куәлік керек. Кейде несие алынған жерден үзінді сұратуы мүмкін. Тіпті үйден шықпай-ақ, мобайл қолданба арқылы да рефинанстауға мүмкіндік бар. Ал енді көлігіңіз кепілде тұрған болса, онда автокредитті қайта рәсімдеу біршама қиындау. Оған қосымша жүгіріс керек болады. Бірақ одан да қиыны — ипотека. Себебі ол үшін көп құжат жинауыңыз керек. Тұрғын-үй коммуналдық қызмет бойынша қарызыңыз жоқ екенін растайтын анықтама, жылжымайтын мүлікке кәсіби бағалау жасатуды сұратуы ғажап емес. Сол екі арада уақыт та, ақшалай да шығын көп шығып кетуі мүмкін. Сол себепті таразылап алу маңызды дейміз.
Қандай түрлері болады?
- Ішкі. Яғни қарыз бір банктің ішінде қалады. Мысалы, жаңа келісімшарт жасалатын болса, оның қаражаты алдыңғы кредитті жабуға жұмсалады. Егер клиент сенімді болса, банк мұндай тәсілді қарастырып қалуы мүмкін. Көбіне сол банктен жалақы алатын болсаңыз, бұл да сіз жайлы жақсы ой қалыптастырады. Болмаса, сол жердің қызметкерлеріне осындай мүмкіндік берілуі мүмкін.
- Сыртқы. Аты айтып тұрғандай, қарыз басқа ұйымға кетеді. Ол кредиттен түскен ақша осы қарызды жабуға жұмсалады.
Басты критерийлер
- Табыс көзі тұрақты ма, соған қарайды. Ресми түрде жұмыс істейтін адамдарға сенім көбірек. Жеке кәсібі барларға да солай. Өйткені банкке қарызды алып, қайтарарда проблема туындатпайтындай клиенттер керек.
- Жалақысы қандай? Клиенттің төлем қабілеті бағаланады. Табатын табысы мен шығындары арасында айырмашылық қандай? Оның айлығы түгел кредит жабуға кетпеуі керек. Кемінде жартысы қалуға тиіс.
- Отбасы жағдайы есепке алынады. Өйткені қаржы ұйымдары көп жағдайда отбасылы адамдардың сол үйде тұратын жан басына шаққандағы минимум шаманы есепке алады. Кредит төлемінен бөлек, бала-шағасына табысы жететіне көз жеткізеді.
- Кредит тарихы. Клиент төлем мерзімін қаншалықты көп кешіктіреді? әлде уақытылы төлей ме? Соған қарап шешім шығарады.
Қандай артықшылықтары бар?
Қазір қиын жағдайда жүріп, айлық төлемді өтеу ауырлаған кезде рефинанс жасау жақсы әдіс болуы мүмкін. Сондықтан алдымен жағымды тұстарына тоқталайық.
- Пайыз мөлшерлемесі азырақ болады. Бұл енді басты артықшылық екені белгілі. Бар болғаны банктердің ұсыныстары арасынан мониториң жасап, ең ұтымды, ең қолайлы дегенін таңдау қажет. Ұзақмерзімді несиелеуге жақсы. Айталық, дәл қазір айына 45 мың теңге төлеп жүрген болсаңыз, қайта қаржыландырып оның көлемін 21 мың теңгеге азайтып ала аласыз. Әрине, есебі жасалады. Айлық кредит төлемі азайғанымен, жалпы мерзім ұзарады. Осыны ұмытпаңыз. Әйтсе де, төлей алмай, күн сайын өсімақы қоса бергеннен осы әдіс әлдекімге қолайлы болуы мүмкін.
- Бірнеше кредитті біріктіруге мүмкіндік бар. Әр банктен кредит алып тастаған болсаңыз, бәрін бір жерге жиюға болады. Мұның жақсы тұсы сол — бір жерге, бір күнде төлеп отырасыз. Яғни әрқайсысының күнін, сомасын жаттап жүрмейсіз.
Минустары қандай?
- Егер шағын кредит болса, оны қайта қаржыландырудың мәні жоқ. Айтарлықтай ұтпауыңыз да мүмкін. Сондықтан жақсылап ойлану керек дейміз.
- Әр банк қай қарызыңызды қайта қаржыландыратынын өзі шешеді. Мысалы сізде үш банкте 4 кредит бар болса, барған жеріңіз оның екеуін рефинанстауға келіспеуі мүмкін.
- Қосымша шығындар. Айтқандай, ипотека секілді ірі қарызды қайта қаржыландыру процесі өте күрделі. Сондықтан қосымша шығындарға дайын болу керек. Бәрін ескеріп барып шешім қабылдаңыз. Әйтпесе, шығынға батып кетуіңіз мүмкін.
Қандай жағдайда қайта қаржыландырған тиімсіз?
Рефинанс жасау әдісі үнемі тиімді бола бермейтінін айттық. Енді қандай жағдайлара бұлай етуді мәні жоғына келсек. Егер сіз негізгі қарыздың жартысынан астамын төлеп тастаған болсаңыз, тиімді болмайды. Себебі жартысынан асты дегеніміз — қазіргі уақытта үстіндегі пайызы азайып, негізгі қарыз жабылып жатыр деген сөз. Әйтсе де, есеп жүргізген артық болмайды. Айталық, мөлшерлеме арасында әжептәуір айырма болса. Ондайда үнемдеуіңіз бек мүмкін. Сонымен қатар, айлық төлем сіз үшін тым ауыр болып кетсе, амалсыздан қайта қаржыландырып, мерзімі ұзарса да, мөлшерін азайтуға тура келеді. Олай етпеген жағдайда айыппұл салып, өсімақы қосылып кетеді. Бірақ қосымша шығындар болуы мүмкін болса, бағамдауды ұмытпағайсыз. Әйтпесе, жығылғанға — жұдырық деп, ойламаған, жоспарламаған шығындарға тап болуыңыз ғажап емес. Сондықтан кез келген қарызды рәсімдемес бұрын шарттарымен жақсылап танысып алу керек. Ұсынып отырған бағдарламаны дұрыстап оқып шығыңыз. Қандай да бір қосымша қызметтер үшін алынатын ақы бар ма, жоқ па? Егер бар болса, онда шығындардың жалпы сомасы шамамен қанша болуы мүмкін? Оны қалтаңыз көтере ме? Егер екі ортада келісімшарт жасасуға кететін шығын қазіргі қарыздың қалған пайызын төлеуге кететін сомадан асып кетсе, онда сіз минуста боласыз. Еш экономикалық пайда әкелмейтін болса, онда артық жүгірістің қандай қажеті бар?