Жаңалықтар

СҚО-да сепаратизмді насихаттау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Фото: Асқар Ахметуллин

СҚО-да «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» құрылғаны туралы желіде таралған бейнероликке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

«2023 жылғы 30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» («Народный совет трудящихся города Петропавловск») құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды» делінген хабарламада.

ҚР Бас прокуратура ақпаратына сәйкес, 30 наурыз күні облыстық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылғанған.
«Іс бойынша процесс прокурорлары айқындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізілуде, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды», делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етiлуге жатпайды. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында.