Жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі 3 сәуірде аяқталады

Жарияланды
авто
Фото: Shutterstock

2023 жылғы 4 сәуірден бастап көлік салығы сомасын уақытылы төлемеген тұлғаларға салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

«2022 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталады. Дегенмен, биыл 1 сәуір демалыс күніне сәйкес келген соң, төлеу мерзімі 3 сәуірде аяқталады» делінген хабарламада.

1 АЕК артық төленбеген салық берешегі бойынша хабарлама келген күннен бастап, 30 жұмыс күні өткен соң салық органы салық бұйрығын шығарады.

«Салық берешегін өтемеген жеке тұлғаларға берешек сомаларын өндіріп алу туралы тиісті салық бұйрықтары жіберіледі. Салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде берешек өтелмеген жағдайда, тиісті салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі» делінген хабарламада.

Сонымен бірге, жеке сот орындаушылары шоттарды бұғаттауы мүмкін және берешек сомасынан басқа қосымша жеке тұлғалардан салық берешегі сомасының 25%-на дейін қызмет көрсету ақысын өндіріп ала алады.
Осылайша, артық шығындарға жол бермеу үшін салықты уақытында төлеу сұралып отыр.  

Есептелген салық сомаларын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының «Электронды сервистер»→«ЖТ және ЖК алдағы төлемдерді төлеу қызметі» сервисінде, сондай-ақ «Каспий банк» АҚ және «Халық банк» АҚ мобильді қосымшаларында көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз