Жыл басынан бері 1 мыңнан астам еңбек заңнамасы бұзылған, 21 адам көз жұмған
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 мыңнан астам еңбек заңнамасының бұзылғанын анықтаған. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді.
«Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 мыңнан астам еңбек заңнамасының бұзылғанын анықтады. Оның ішінде: еңбек саласында – 865; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 132; халықты жұмыспен қамту бойынша – 8» деді Төлеген Оспанқұлов .
Сонымен бірге облыс прокурорлары мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп 2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тартатын 30 адамнан астам жұмыскері бар 64 кәсіпорынға тексеру жүргізген. Тексеру барысында еңбекақы төлеудегі диспропорция анықталып, лауазымы бірдей қызметкерлердің жалақы көрсеткіштері әртүрлі болып шыққан. Әсіресе қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға қатысты талаптар сақтамалмаған.
«Анықталған бұзушылықтарды жою үшін 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 64,3 млн теңге сомасына айыппұл салынды, әкімдіктер шетелдік азаматтарға берілген 390 рұқсатты қайтарып алды», – дейді комитет төрағасы.
Мұндай жағдайлардың алдан алу үшін 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап жұмыс берушілер hr.enbek.kz еңбек ресурстарының жаңа порталында іске қосылған «Онлайн еңбек консультанты» функциясы арқылы өзіне қатысты еңбек заңнамасы талаптары сақталған, не сақталмағанын тексере еледі. Бүгінгі күнге дейін 19 мыңға жуық адам осы портал арқылы өзінің жұмысына қатысты мәлімет алған.
Сондай-ақ, – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың дерегінше, 1 наурыздағы жағдай бойынша кәсіпорындарда 187 адам зардап шеккен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға кем екен. Оның ішінде 21 адам қайтыс болған.
Мұндай жағдайлар Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облысында, Түркістан, Қызылорда облыстарында көбірек кездеседі екен. 2022 жылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы талаптарды бұзғаны үшін 119 лауазымды адам қызметінен босатылған.
Ал құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларға қатысты 1094 материал жіберіліп, олар бойынша 192 қылмыстық іс қозғалған. Оның алдын алу мақсатында 3211 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттарды енгізген.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылы тексерілген кәсіпорындардың 1,6 млн қызметкерінің 375 мыңы (22,8%) еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істеген.
«2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеге түрлі өтемақы алды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық», деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов
Айта кететін тағы бір жайт, комитет өкілі қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметін тексеруге халықаралық сарапшылар тартылып жатқанын, тексеру аяқталғаннан кейін компанияға қатысты шаралар қабылдау үшін бірлескен шешім әзірленетінін айтты.