Басшылыққа «жалақымды көтеріңіз» деген талапты дұрыс жеткізу жолдары

Жарияланды

Фото: Shutterstock

 «Ақшаға құнығуға болмайды» дегенді жиі айтамыз. Сөйтіп айлыққа қатысты қалауымызды айта алмай жүреміз. Бірақ шыны керек, кім болса да ақша үшін жұмыс істейді. Өмір сүруіне керек бірден-бір құрал болғандықтан, жалақы мөлшері атқарып жатқан жұмысыңызға сай болмаса, онда лайық айлық сұрағанда тұрған ештеңе жоқ. Себебі неғұрлым айлық ақыңызды көтерген сайын жұмыс істеуге деген құлшыныс та арта түседі. Мысалы мынадай жағдайлар болуы мүмкін:

  • Елде инфляция мөлшері өсіп жатыр. Ал айлықтың бір мөлшерден аспағанына бірнеше жыл болып кеткен;
  • Мойнындағы міндет өте ауыр. Күні-түні жұмысқа беріліп істейді. Бірақ алатын ақысы мардымсыз;
  • Өте маңызды мәселенің шешімін тауып берді. Бірақ ол қызметкерге сыйақы да тағайындалмады, айлығы да өспеді;

Мұндай жағдайларда үндемей жүре беретіндер болады. Болмаса, ойындағы іркілмей жеткізетіндер де бар. Бұл екеудің қайсысы болатыныңыз өзіңізге ғана байланысты. Көбі «жалақымды көтеріңіз» деп сұрауға қысылады. Содан бастық өзі көңіл аударғанға дейін күтіп жүре береді. Жалпы алғанда үлкен компанияларда әрқайсысына жеке көңіл бөлуге жағдай бола бермейді. Сондықтан үндемей, «ішімдегіні тап» демей, бастама жасап көргенде тұрған ештеңе жоқ.

Әңгімені қалай бастаған жөн?

 Сонымен, қалауыңызды айтқыңыз келді. Басшылыққа барып, сөйлесемін деп шештіңіз. Ендеше, біршама дайындық қажет. Жұмысыңыздың жүктемесін салмақты бағамдап алыңыз. Жалақыңыз соған сай ма, сай емес пе? Басқа компанияларда сондай жұмысқа қанша төлейтініне талдау жасап көрген абзал. Бұл жерде мынаны ескеріңіз: ірі компанияларда айлық жоғарырақ болады. Егер шағын компания қызметкері болсаңыз, онда айлығыңыздың нарықтағыдан төмендеу болуы заңды. Негізі жалақы бекітілген айлық пен сыйақыдан тұрады. Екіншісі белгілі бір мерекелерде берілуі мүмкін әрі жақсы атқарылған жұмыс үшін үстеме қылып беріледі. Мысал үшін мұғалімнің айлығын алайық. Ол неден құралады:

  • Сабақ пен үйірме санына байланысты минимум базалық айлық;
  • Оқушыларының олимпиада мен емтихандарда көрсеткен нәтижелері, жұмыс өтілі, білігі;
  • Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істесе, ол үшін берілетін үстеме;
  • Дәптер тексергеніне беріледі;
  • Басшылық шешімімен сыйақы қарастырылуы мүмкін.

Әр компанияда ынталандыратын жүйе әртүрлі. Яғни әрқайсысы өзіне қолайлы әдіспен бағалайды. Бір жерде тоқсан сайын, жылына бір, белгілі бір мерекеде беріледі деген шарт болады. Ең жиі кездесетін ынталандыру жүйелеріне тоқталайық: 

  • Жоспарды орындағаны үшін;
  • Артық жұмыс істегені үшін;
  • Көзге көрінетін жетістіктері үшін;
  • Белгілі бір кезең соңында;
  • Жасалған саудадан берілетін пайыз;
  • Бір жыл ішінде жасалған жұмыс қорытындысы бойынша.

Сонымен, сізге алдымен айлығыңыздың неден тұратынын анықтап алу керек. Одан соң қалай өсіруге болатынын ойланыңыз. Мүмкін деген нұсқалардың қайсысын жасадыңыз? Басқа не істей аласыз? Осыларға қарап сіңірген еңбегіңізді айтып, жалақыңызды көтергенін сұрасаңыз болады.

Мониториң жасаңыз. Яғни қосымша жұмыс алуға мүмкіндік бар ма — соны қарастырыңыз. Мысалы, копирайтер, СММ-маманы не дизайнер секілді жұмысты жарты айлыққа ала аласыз ба? Қолыңыздан келсе, неге алмасқа? Бір адам бірнеше жұмысты алып жүргені басшылыққа ұнайды. Сондықтан көп жағдайда мұндай ұсынысқа келіседі. Әрі ыңғайлы, әрі шығыны аздау. Қызметкер болса, тәжірибе жинап, мансап жолында көтеріле алады. Бірақ ескеруіңіз керек нәрсені айтайық: көтере алмайтын шоқпарда беліңізге байламаңыз. Уақыт жетпей, екі ортада «жанып» кетпеңіз.   

Айлықты ғана емес, қызметті де өсіргеніне қалай қарайсыз? Бұған күшіңіз жете ме? Мұны функционалды тігінен қарастыру деп те атайды. Алдыңғы мониториң көлденең жасалады. Бұл дегеніміз мансапта өсуді білдіреді.

Бәлкім, жаңа қызметке ауысуға уақыт келген болар? Оған жеткілікті тәжірибеңіз бен білігіңіз болса жетіп жатыр. Басшылыққа мұндай қалауыңызды қалай білдіруге болады деп ойланып жүрсеңіз, айтайық.

Бәлкім, сізге біршама курс өтіп, білікті арттыру керек шығар? Олай болса, басшылыққа бармас бұрын қанша уақыт ішінде оқып, меңгеріп үлгеретіңізді есептеп алыңыз. Кәсіби маманнан сабақ алу керек болса, оны да ескеріңіз. Көбіне қызметкердің мансап жолында да, жеке де өскенін қалайтын компания оқу үшін қосымша ақы қарастырады. Мұны да біліп жүріңіз. Сұрастырып алыңыз. Егер қарастырылмаса, онда өз қалтаңыздан төлеуге тура келеді. Есесіне, сол еңбегіңіз болашақта өз пайдаңызға жұмыс істейді.

Басшылық барлығын жан-жақты қарастырады. Қайта оқудан өтіп, білікті арттыру үшін қосымша шығын шығарудың мәні жоқ деп шешуі де ғажап емес. Егер штатта онсыз да сондай білігі бар адам табылса, ұжым ішінен таңдай салған тіпті оңай. Болмаса, сіз оқығыңыз келген курс субсидияланатындардың ішінде болмай шығуы мүмкін.

Негізі ірі компаниялар оқу орталықтарымен келісімшарт жасасып алады. Сөйтіп қызметкерлерге сондай мүмкіндік береді. Немесе қызметкерлерді оқытуға керек қосымша ақының белгілі бір шегі болады. Курсты төлеп бермейтін болса, қапаланбаңыз. Мұның бәрі білігіңізді арттыруға бағытталған. Сондықтан тіпті жұмыстан шығып қалсаңыз да, ол алған біліміңіз сізге бәрібір жұмыс істейді. Өзіңізді дамытуға жұмсаған ақша еш кетпейді. Тек әрқайсының басын бір шала бермей, нақты керегін таңдай алсаңыз болғаны.   

Сондай-ақ оқыңыз