Шопиңтеймент яки ретейлтейнмент: бизнесті дамытудың заманауи әдісі
Адам көбіне әсер, эмоциямен жүреді. Жасайтын әрекеттері де соған тікелей байланысты. Соған қарап ретейлтейнменттің заманауи концепциялары да өзгеріп келеді. Әсіресе, пандемиядан кейін онлайн сауда жасау күнделікті тірлікке айналды. Бүгінгі материалымызда онлайн саудаға әсер ететін оқиғалар мен технологиялар туралы айтамыз. Бизнес ретейлтейнментті іс жүзінде қалай қолданып отыр? Осыған тоқталамыз.
Ретейлтейнмент деген не?
Алдымен, ретейлтейнмент сөзіне анықтама берейік. Бұл retail — «бөлшек сауда» және entertainment — «ойын-сауық» деген екі сөзден құралған. Бұл концепцияны «шопиңтеймент» деп те атайды. Сауда жасаған кезде оған қосымша әсер беретін, эмоция сыйлайтын, сол арқылы көбірек сатып алуға итермелейтін әдістің түрі. Сатып алушы жаңа тәжірибе, жаңа әсер алады. Аталған терминді 1999 жылы америкалық әлеуметтанушы Джордж Ритцер қолданып, саудаға атмосфера, эмоция, дыбыс және белсенділік әсер ететінін жазған еді. Ал осы дижитал ретейлтментті алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізген — азиялық нарық. Оған пандемия себеп болғаны белгілі. Барлығы әдепкі жұмысын тоқтатып, онлайнға ауысып жатты. Дүкенді офлайн аралау мүмкіндігінен айырылған жұрттың үйде құр отырғысы келмейтіні анық. Міне, осы ретте шопиңтеймент іске қосылды. Әлеуметтендірудің бұл онлайн тәсілі көпшіліктің көңілінен шықты. Тіпті онлайнның әлдеқайда ыңғайлы екенін сезіп, кейбірі үйден отырып тапсырыс беруді әбден әдетке айналдырып алды.
Ретейлтейнмент арқылы брендтер жас аудитория, атап айтқанда зумерлерді баурап алады. Олар әлеуметтік желіні қолданып үйренген, ойын-сауық форматына жақын, виртуал кеңістікке өте көп уақыт өткізеді. Яғни эмоциялық тәжірибенің басым бөлігін олар онлайн жолмен алады деген сөз. Іздегенге — сұраған. Ал миллениалдарға келсек, олар да шопиң жасағанды жақсы көреді. Ipsos жүргізген зерттеу нәтижесіне қарасақ, сауалнама қатысушыларының 72 пайызы сауда орталықтарына көңіл көтеру үшін барады екен.
Компаниялар қолданатын құралдар мен технологиялар
Видеошопиң. Бұл бағыт аса танымал. Өйткені мұнда LiveStream Commerce бар. Бұл дегеніміз сатып алмас бұрын өнім туралы видео көріп, шоу тамашалауға мүмкіндік береді. Көбіне стримді жүргізуші ретінде аудиториясы көп инфлюенсерлер таңдап алынады. Шейр, лайк, комментарий, қарағаныңыз үшін сыйлықтар қарастырылуы мүмкін. Осындай бейстандарт белсенділік үшін әлдебір ынталандыру сыйлықтарының қарастырылғаны шопиңді тіпті қызықты ете түседі. LiveStream Commerce Азияда өте трендте. Тіпті саудамен айналысатын компаниялар стримде сататын маманды кәдімгідей штатта ұстайды. Мысалы, кейінгі кездері қазақстандықтар жаппай қолданып жүрген «Пиндудуоны» алайық. Ол жерде де тікелей эфирде стрим жүріп жатады. Ал инфлюенсерлер тауар туралы ақпарат айтып, шоу өткізеді. Негізі көпшілікке осылай лайф форматтағы контент ұнайды екен. Тақырыптық стримдер арқылы сауданы әжептәуір арттыруға болады. Осы ретте мына дүниелерді назарда ұстаңыз:
- Тікелей эфир тек сауда құралы емес. Ол — маркетплейсті дамытудың бір жолы.
- Трансляция — теледүкен деп ойламаңыз. Яғни эфир бойы сата беруге болмайды. Одан халық жалығып кетеді. Стримнің жартысы аудиторияны қызықтырып, белсенді қатысуға итермелеп отыруы керек. Ал қалған жарты бөлігінде сатумен айналысасыз.
- Тікелей эфир жасауға дайындалған кезде ең маңыздысы — ұсынылатын тауар, контент және аудиториямен тығыз қарым-қатынас. Осыны есте ұстау керек.
- Эфир жасау үшін міндетті түрде проффесинал продакшен қажет деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені сізге бар болғаны смартфон мен микрофон-петличка қажет.
- Маркетплейстен стриміңізді қолдауды сұрап, келісіп алыңыз. Өйткен аудиториясы жоқ жерде тікелей эфир өткізудің мәні жоқ.
- Барлығына бірдей келетін, табыс әкелетін нақты формула болмайды. Сондықтан барынша көп эксперимент жасап, жаңа нәрсені татып көріңіз. Талдау жасап отырыңыз.
VR технологиялар. Ретейлтейнменттің дамуына технологиялардың да әсер ететіні белгілі. Мысалы, AR-маскалар, тікелей эфир кезінде қолданылатын интерактив элементтерді айтуға болады. Одан қала берді киім, жиһаз, не басқа да тауарды алмас бұрын киіп көруге, орналастырып көруге мүмкіндік беретін технологиялар тағы бар. Виртуал гардеробты брендтер онлайнда ғана емес, офлайнда да қолданып жатыр. Яғни сатып аларда ол экранға қарап, қажет киімді таңдаса болды, өзіне ол киімнің қалай тұратынын көре алады. Онлайнда да солай. Экранды бір басу арқылы сатып алсам ба, жоқ па деген күмәнді сейілтуге болады. Бұл қалай десеңіз, айтайық. Камера адамды сол жерде не фото арқылы скандайды. Одан кейін оның үш өлшемді бейнесі жасалады да, таңдаған киімді үстіне кигізіп береді. Әзірге бұл бізге келе қоймады. Десе де, америкалық Walmart сынды ірі ретейлер 2022 жылдың күзінде қолданбасында солай киіп көруге болатын мүмкіндік ашты. Адамның дене бітіміне қарап, жүйе автомат түрде есептеп, барынша шынайы көрініс көрсетеді. IKEA қолданбасында бөлмеге жиһазды орналастырып қана қоймай, өзгертіп, бояп, жарықты қараңғылатып не қосуға да мүмкіндік бар.
Геймификация. Аты айтып тұрғандай, мұнда ойын форматы қолданылады. Бірақ гейм механикасын ойын мақсатында пайдаланбайды. Сонда қалай? Негізі зерттеулерге сүйенсек, әр адам ойынға құштар болады. Ол да — қажеттілік. Себебі одан адам жағымды эмоция алады, психикалық саулығына жағымды әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда геймификацияның көмегі мол. Қолданушылардың көздегені тек материалдық пайда табу емес, қызық квестке қосылып, бірге жалғастырғысы келеді. Сөйтіп аяқ-асты жақсы жеңілдікке тап болып қалуы мүмкін. Болмаса, басқа да тосын сый иеленуі мүмкін. Енді назарыңызға бірнеше мысал келтіре кетейік. Balenciaga сән үйі Afterworld: The Age of Tomorrow видео ойыны түрінде жаңа топтамасын көрсеткен еді. Қатысушылар интерактив саяхатқа шығып, өткен шақ пен болашаққа сапар шекті. Тапсырма орындай отырып, брендтің жаңа коллекциясын зерттеді. Ал ол жерде үлгі ретінде 50 модель-аватар болған. Ұтымды тәсіл арқылы бренд көпшіліктің қызығушылығын оята білді.