Жаңалықтар

Қамыс өртеніп, өндіріс тоқтап, Атырауды түтін басты

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінен Атырауды түтін басты. Теңіз жағалауындағы 89 гектар аумақты өрт алды. 3 сәуір күні таңертең 82 гектар жер сөндірілді.
«Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты бөлім басшысы Ғани Ағыбаевтың дерегінше, Каспий жағалауының теңіз суы таязданып кеткен бөлігінде өсімдіктер өртенуде.

«Жағдай ауа райының қолайсыздығына байланысты шиеленісіп, үнемі бағытын өзгертетін қатты жел өрт ауқымын ұлғайтып отыр. Сонымен қатар, батпақты жер балшыққа түсетін техниканы толық пайдалануға мүмкіндік бермейді», деді Ғ.Ағыбаев.

Өткен жексенбіден бері әлеуметтік желілерде Атырау тұрғындары қаланы басқан қою түтінді айтып, шағымданған болатын. Табиғат қорғаушылар өртке адамдар себепкер болды деп болжап отыр. Осыған орай, қорық басшылығы құқық қорғау органдарына кінәлілерді анықтау туралы арызбен жүгініп, тергеу амалдары басталды. Жануарлар әлеміне келтірілген зиянға қатысты, Ғ. Ағыбаевтың айтуынша, құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмады.

Ал, дүйсенбі күні таңертең «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» газ-химия кешенінде жарық сөніп, өндіріс тоқтап қалған. Ал, әлеуметтік желі қолданушылары зауыт мұржасынан жалындаған алау көрінгенін айтып шағымданған еді.

«3 сәуір сағат 10:59 бен 11:11-де «KEGOC» АҚ желілерінде қысқаша  тұйықталу орын алып, бұл «KPI Inc.» компаниясын жарықпен қамтамасыз ететін «KUS» ЖШС газтурбиналық электр станциясының апатты түрде тоқтауына себеп болды. Осының салдарынан «KPI Inc.» ЖШС жұмысында технологиялық ақау орын алып, компрессорлар, технологиялық жабдықтар тоқтап, пропан мен полипропиленді дегидрлеу өндірісі апатты түрде тоқтатылды», делінген хабарламада.

Автоматты режимде өндірістің қауіпсіз тоқтатылуын қамтамасыз ету үшін жоба бойынша барлық технологиялық операцияларды сақтай отырып, пропанды дегидрлеу қондырғысынан факелге шығарындылар жіберілді. Айта кету керек, жағындының құрамы зиянсыз, ол газ плиталарында жанатын газға ұқсайды.

Сонымен қатар, бүгін Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында да төтенше жағдай болды.

Атырау МӨЗ ЖШС технологиялық режимнің бұзылуы, атап айтқанда жанармай газына сұйықтықтың түсуі салдарынан баяу кокстеу қондырғысындағы П-2 пешінің жану режимінің бұзылу фактісі тіркелді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі жазды.

Сағат 10:32-де қысқа мерзімді түтіндеу туындап, 10:47-де түтін толықтай сөндірілді.

«Аталған оқиғамен қатар сағат 10:40 және 11:10-да АО «KEGOK» тарапынан электр энергиясы кернеуінің төмендетілуіне байланысты ароматты көмірсутектерді өндіру және гидрогенизациялық процестер өндірісі технологиялық қондырғыларындағы динамикалық жабдықтардың бір бөлігі тоқтатылып, қайта іске қосылды», делінген хабарламада.