Елімізде жанар-жағар май қымбаттайды
Елімізде бензин 11%, дизель 20 пайызға қымбьаттайды. Бұл туралыЭнергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді.
Атап айтқанда, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін– 11 пайыз өседі. Дизель отыны 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін, 20 пайызға қымбаттайды.
«Көрші елдермен салыстырғандағы баға айырмашылығын төмендету қажет. Бұл қиын, бірақ қажет шешімге баруымыз керек», – деді Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов.
Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Энергетика министрі міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Қазақстандағы жанар-жағармай нарығы жағдайымен таныстырды. Ол соңғы бес жылда бензина шығару көлемі 70 % пайызға артқанын, тіпті дизель отынын шығаруда рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдеді.
«3 мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай көлемі 3 млн тоннаға көбейді. Жылына шамамен 17 млн тонна мұнай өңделеді. Соңғы бес жылда біз бензин шығару көлемін 70 % өсіріп, 3 млн-нан 5 млн-ға дейін, дизель отынын 30 пайызға, 4 млн-нан 5,2 млнға дейін өсірдік. Өткен жылғы дизель отынын шығару бойынша рекордтық көрсеткішке жеттік» деді БолатАқшолақов.
Десе де, өңделген отын көлемі 5.2 млн тоннаға жеткізілсе де, елдің кейбір өңірлерінде дизель отынының тапшылығы бар екен. Мемлекет 350 мың тонна көлеміндегі бұл дефицитті қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болған.
Осы орайда экономиканың маңызды секторы болып саналатын тау-кен металлургия және теміржол салаларының тұтыну көлемі сол қалпында қалды. Яғни өспеген. Бірақ бұлайша нарықтағы дизель отынына деген сұраныстың тұрақты өсуінің өзіндік себебі бар.
«Мұның негізгі факторының бірі – ол транзиттік көлік ағыны шетелге сұр схема бойынша өтіп кетіп жатқан экспорт. Өткен жылы мамандардың есептуі бойынша шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель көлемі шашамен 150 мың тоннаны құрады. Бұдан басқа сұр экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна», дейді министр.
Қазақстанда дизель отыны тапшылығының тағы бір себебі бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан екен. Бұл орайда Қазақстан жанармайы арзан он елдің қатарына кіреді. Мысалы, Ресейде дизель отыны орташа есеппен санағанда, литрі 345 теңге. Біздегі нарық бағасынан 45 пайызға қымбат. Қырғызстанда 64 пайызға қымбат, яғни литріне 390 теңге. Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда, екі есеге қымбат литріне 480 теңге. Маман Қазақстандық дизель отынын түрлі жолдар арқылы шетелде сатудан түсетін пайда 50-120 пайызды құрайтынын, ал ақшалай көрсеткіште 140 млн доллар болатынын айтты.