Қазақстандық компаниялар жасыл климаттық қордан жеңілдетілген қаржыны қалай алады?
Фото: shutterstock.com
Биыл 29 наурыздан бастап еліміздежасыл климаттық қормен (ЖКҚ) қаржыландыруға дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі «Readiness – II» ұлттық жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – елдің әлеуетін нығайту және ЖКҚ-ға тікелей қол жеткізу, климаттық инвестицияларды тарту және «жасыл» қаржы жүйесін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Айтып өтелік, ЖКҚ – дамушы елдердің климаттың өзгеруімен күресудегі күш-жігерін қолдау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына орай құрылған жаһандық қор.
Осы ретте елордада Экология министрлігі және «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ іс-шара ұйымдастырды. Жиында сөз сөйлеген Экология вице-министрі Досбол Бекмағамбетовтың айтуынша, «Readiness-II» жобасы ЖКҚ-мен жұмыс істеу үшін уәкілетті органның әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың көмегімен ғана емес, халықаралық және ұлттық инвестициялардың тікелей ағыны арқылы жасыл жобаларды іске асыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Олжас Ағабековтың айтуынша, жобаны іске асыру барысында қол жеткізілуі қажет бірқатар негізгі міндеттер бар, соның бірі – ЖКҚ рәсімдеріне сәйкес елдік бағдарламаны жаңарту және үйлестіру тетігін құру. Орталық басшысы атап өткендей, бұл жұмыс елімізде ЖКҚ-дан инвестиция тарту бойынша ұлттық операторларды кезең-кезеңімен құруды көздейді.
Екінші институционалдық міндет – ұйымдарға қажетті сараптама мен әлеуетті құруға жәрдемдесу. Сонымен қатар ЖКҚ аккредиттеуге өтінімді дайындауға көмектесуді қамтиды. Жобаны іске асырудың тағы бір маңызды міндеті – «жасыл» қаржыландыру мәселелерін банк секторы мен қаржы мекемелерінің қолданыстағы операцияларына интеграциялау тұжырымдамасын дайындау.
«Біз қол жеткізуді жоспарлап отырған жобаның ең маңызды нәтижесі – Қазақстанда даму парадигмасын өзгертуге, жасыл экономиканы дамытуға және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу. Жобаны жүзеге асыру барысында қол жеткізу қажет бірқатар негізгі мақсаттар бар. Бірінші міндет – ЖКҚ рәсімдеріне сәйкес елдік бағдарламаны жаңарту және үйлестіру механизмін құру. Бұл жұмыс тікелей қордан ЖКҚ инвестицияларын тарту үшін елде ұлттық операторларды кезең-кезеңімен құруды көздейді. Бүгін сіздерге ұсынатын жобада біз бұл жұмысты жеке сектормен және даму институттарымен бірлесіп жасыл инвестицияларды олар жүзеге асыратын жобалар қоржынына қосу үшін жоспарлап отырмыз. Бұл міндетке уәкілетті орган – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің әлеуетін күшейту және жасыл климат қорына жіберілетін жобаларға сараптама жүргізу тәртібін құру кіреді», дейді Олжас Ағабеков.
Ал екінші міндет аясында таңдалған ұйымдардың потенциалы ашылып, қажетті экспертиза жасай алуы үшін ЖКҚ аккредитациясын алуына көмек көрсетіледі. ЖКҚ-ның толыққанды қаржыландыруына қол жеткізу үшін ЖКҚ аккредитациясы керек.
Үшінші міндет – қор қаржыландыратын іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға көмектесу үшін жеке сектордың әлеуетін арттыру.
Төртінші міндет – банк секторы мен қаржы ұйымдарының қолданыстағы операцияларына жасыл қаржыландыру мәселелерін біріктіру тұжырымдамасын дайындау.
«Банк секторының, қаржы институттарының және әлеуетті тәуелсіз эмитенттердің жасыл және тұрақты облигациялар жүйесін әзірлеу және енгізу және жасыл/тұрақты қаржыландыру құралдарын шығару, сондай-ақ басқа да шараларды жүзеге асыруға ықпал ететін әлеуетін арттыру көзделеді», дейді Олжас Ағабеков.
Мамандардың айтуынша, қор тарапынан қаржылық көмек грант, займ, капитал немесе кепіл түрінде ұсынылады. «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Айдар Есембаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қор қолдауымен 46,2 млрд доллар сомаға 209 жоба мақұлданған. Климат өзгерісіне төзімділік таныта алатын адам саны 666 млн деп бағаланса, зардабы жойылған CO2 эквивалент тоннасы – 2,4 млрд.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы орнықты даму бойынша директор Айгүл Құсалиеваның сөзінше, қазіргі сәтте Қазақстанның орнықты қаржыландыру нарығы 405 млн долларға бағаланады. Ал елдегі жасыл қаржыландыру нарығының көлемі – 305 млн доллар. Оның 79 пайызы – жасыл облигациялар болса, 21 пайызы – жасыл несиелер. Артылған 100 млн доллар – елдегі әлеуметтік облигациялар нарығына тиесілі.
Ұйымдастырушылар мәліметінше, жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат –бизнеске жасыл климаттық қордан тікелей қаражат алу мүмкіндігін барынша жеңілдету, яғни, қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін ережелерді түсіндіру. Оған ең әуелі елдік бағдарламаны ЖКҚ қорындағы талаптарға сәйкес жаңарту кіреді. Ол ережелер жасыл климаттық қордың талаптарына сәйкес бейімделе отырып әзірленеді. Әзірленген талаптарға сүйене отырып, болашақта Қазақстандағы компаниялар қорға жобаларын ұсынып, жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігіне ие бола ала алады.
«Елдік бағдарламада мемлекетіміздегі басым секторлар көрсетіледі, мәселен – су мәселесі, энергия үнемдеу, жаңартылатын энергия көздері және климаттың өзгеруі бағытындағы басқа да секторлар. Бұл басым бағыттар негізгі экологиялық стратегиялық құжаттарға сәйкес анықталады, мәселен, ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар, экологиялық кодекс және т.б. ЖКҚ-дан жеңілдетілген жасыл қаржыландыруға ие болғысы келетін компаниялар міндетті түрде ЖКҚ-дан аккредиттеуден өтуі қажет. Аккредиттеуден өткеннен кейін, компания елдік деңгейде жоба әзірлейді. Алайда қазақстандық ұйымдар жобаларын тікелей ЖКҚ-ға ұсыну үшін, мемлекет ішінде бірқатар кезеңдерден өтуі қажет. Әрине, ол жобалар жоғарыда айтып өткен басым бағыттарға негізделуі қажет, олар елдік бағдарламада көрсетілетін болады», дейді жоба үйлестірушілері.
- Ең алдымен, әзірленген жоба үйлестіру кеңесінен (ол уәкілетті органдардан, экологиялық ұйымдардан, тиісті қауымдастықтардан тұрады) өтуі керек.
- Әр орган өзінің деңгейінде және өз құзыреті шеңберінде ұсынылған жобаларды қарайды.
- Мәселен, энергия үнемдеу бойынша жобаны қарастыратын болсақ, демек, ол жобаны Қаржы және Экономика министрлігі міндетті түрде, және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (энергия үнемдеу мәселесіне жауапты), сондай-ақ энергия үнемдеу бағытында жұмыс жүргізетін қоғамдық ұйымдар қарайды. Сәйкесінше, бұл процесс жобалардың бағытына сәйкес ұйымдастырылатын болады.
- Алдын ала мақұлдаудан өткен жобалар, жауапты уәкілетті орган – Экология министрлігіне жіберіледі. Ведомство келіп түскен жобаларды қарап, өз деңгейінде рұқсатын береді.
- Осы шешімді негізге ала отырып, жоба иелері, яғни компаниялар бірден ЖКҚ-ға жобаларын ұсынады. Егер компания ЖКҚ тарапынан рұқсат алған болса, әрі қарай компания қормен өзі тікелей жұмыс жүргізе бастайды.
- Жобаны жүзеге асыру үшін бөлінентін қаржы көлемі жобаның ауқымдылығына байланысты.
Осы елдік бағдарламаны жаңартып, үйлестіру кеңесінің жүйесін дайындау үшін, түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін халықаралық қор Қазақстанға шамамен 1 млн доллар қаражат бөлді. Бұл қаражатқа өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерін, өндіріс саласында істейтін компаниялардың әлеуетін арттыру үшін өткізілетін семинарлар, вебинарлар, оқу модульдері кіреді. Бұл іс-шаралар алдағы уақытта жобаны барынша сауатты түрде жазып шығуға және жобалардың мазмұны халықаралық инновациялық мүмкіндіктерге сәйкес келуі үшін өткізіледі.