Фото: Kursiv.media
Ұлттық банк валюта нарығы туралы дәстүрлі ақпараттық хабарламаны жария етті. Онда наурыз айында валюта нарығындағы қалыптасқан жағдайға шолу жасаумен қатар, қаржы реттеушісінің сәуір айындағы валюта нарығында жасайтын операциялары туралы да ақпарат берілген.
«Сәуірде Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Алдын ала болжам бойынша, Қаржы министрлігінің қажетті трансферттер сомасы бойынша ағымдағы болжамды бағдарларының негізінде сәуір айында Ұлттық Банк Ұлттық қордан 550 млн доллардан 650 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр», делінген хабарламада.
Наурыз айында ҰБ Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 721 млн АҚШ долларын сатқан. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ын және күніне 40 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде болды.
Жалпы, наурызда теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 452,7 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 130 млн доллардан 164 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,1 млрд АҚШ долларын құрады.
«Бір ай ішінде валюта нарығында энергия тасымалдау бағасының төмендеуі мен АҚШ-тағы және Еуроаймақтағы банк секторына қатысты алаңдаушылыққа байланысты нарық қатысушылары сентиментінің нашарлауы аясында құбылмалылық артты», делінген хабарламада.
Ұлттық банк дерегінше, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 253 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз бетінше жүзеге асырады.
Ұлттық Банк Ұлттық қордағы қаражатпен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы әрі біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін мейілінше азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, наурыз айында ҰБ валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында наурызда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 232 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 7%-ын құрады.
Ал, сәуірде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу 200 млн доллардан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтілуде.
«Қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», делінген хабарламада.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсететін болады.